БАҚ, ҚЫДЫР МЕН ЫНТЫМАҚ
(мысал)
– Көп жылдан бері жолдас болған едік,
Мал, басыңа құт болып қонған едік,
Береке жоқ бүгінде от басыңда
Қалағаныңды алып қал, біз кетелік.
Сонда қарт: – айрылмаймын сенен, – депті,
Көңілің неге қалды менен? – депті,
Бақ, қыдыр ақсақалға қарап тұрып:
– Біздің мекен ынтымақ, пейіл, – депті.
Бар еді үш келіні, үш баласы,
Күнде жанжал, ұрыс боп оттың басы,
Кемпір-шал, – не сұраймыз, – деп отырды
Аппақ қудай ағарып сақал, шашы.
Құлдық деп түрегелді кенже келін:
- Ағажан, өзің тексер көнбегенін,
Сұраңыз ынтымақты берер болса,
Көрерміз бақ, қыдырдың келмегенін.
Осылай кіші келін ақыл тапты.
Қош айтып бақ пен қыдыр кетіп қапты.
Әкеліп келініне берді атасы,
Кіші келін қолға алды ынтымақты.
Үлкен келін өкпелеп атасына,
Қарамады ақылы мен батасына.
Ортаншы келіні де қоса кетті,
Тығып ап екі қолын қалтасына.
Бұл үлкен келіндері бай қыздары,
Кедейге жастайынан бар ызғары.
Көре алмай кіші келін кедей қызын,
Күнде ұрыс берекесін тайғызғаны.
Кіші келін оларменен ұрыспайды,
Қонақ келсе сыр беріп тырыспайды.
Енші алып екі келін бөлек кетті,
Отасып ата-анамен шығыспайды.
От басы ойран шықпай тынып қалды,
Береке, пейіл үйге кіріп қалды.
Ағайын, ата-анаға бірдей жағып,
Кіші келін жүрген жақ күліп қалды.
Бақ, қыдыр сол кеткеннен алты ай өтті,
Бір күні азып-тозып кіріп кепті;
«Ынтымақ, бірліктерің құтты болсын,
Кетпейміз, біздің мекен осы үй», – депті.
1961