НЕ ПАЙДА
(терме)
Ақын бұлбұл бола ма,
Асыл сөзін таппаса?
Арғымақ дүлдүл бола ма,
Алыс жолға шаппаса?
Бастап шеру тартпаса.
Қызыл тілден не пайда,
Сөз асылын айтпаса.
Бал-шекерден не пайда,
Тәттілігін татпаса.
Аққан судан не пайда,
Әлем мейірі қанбаса.
Ай мен күннен не пайда,
Нұр сәулесін шашпаса,
Өнерпаздан не пайда,
Көңіл күйін ашпаса.
Ақындықтан не пайда,
Көп ішінде таспаса.
Ән мен өлең жайып ем,
Жетісуда жұртыма-ай,
Сұм-сұрқия заманда,
Сурыла шықтым жұлқына-ай!
Жарыққа шықпай жатқанбыз,
Жауып қойған құлпыдай.
Алты уықтың астында,
Көкшолақтың үстінде,
«Ақын қойшы» атандым,
Талаптанып ән шырқай,
Жаңа дәуір тұсында.
Енді шықтым жарыққа-ай.
Ақын-әнші атандым,
Бақытты Отан халыққа-ай.
Қазақ-қырғыз аралап,
Халқым сүйіп қамалап,
Жиын-тойда ән шырқап,
Бастадым тойды жорғалап,
Табиғат берген өнерім —
Алғаным жоқ саудалап…
1965