СӘРСЕКЕМ
(терме)
Сексен бесте секіріп
Атқа мінген Сәрсекем.
Талай үлгі әңгіме
Жатқа білген Сәрсекем.
Кәрілікке сыр беріп,
Алжымаған Сәрсекем.
Ақылынан адасып
Жаңылмаған Сәрсекем.
Қатты айтып, ел көңілін
Қалдырмаған Сәрсекем.
Әзіл, қалжың, қағыста
Шалдырмаған Сәрсекем.
Дау-дамайда ешкімге
Алдырмаған Сәрсекем.
Қатарынан қаймығып
Жалынбаған Сәрсекем.
Шешендікке келгенде,
Алдыңғы адам Сәрсекем.
Жүйрік аттай ойқастап,
Адымдаған Сәрсекем.
Топ көргенде түріліп,
Жалындаған Сәрсекем,
Салт-санадан халық үшін
Айрылмаған Сәрсекем,
Арақ-шарап, картаға
Салынбаған Сәрсекем.
Керім-кербез болам деп
Сыланбаған Сәрсекем.
Кедей болып өттім деп,
Жыланбаған Сәрсекем.
Ашуы жоқ айлалы,
Майда тілді Сәрсекем.
Сөз табатын қайдағы,
Сегіз қырлы Сәрсекем.
Жатық сөзді, жайдары
Шешен еді Сәрсекем.
Оқымаған, тоқыған,
Кесем еді Сәрсекем.
Көзін жұмып отырған,
Шешен еді Сәрсекем.
Тоқсан сөздің түйінін
Шешер еді Сәрсекем.
Ол келгенде жалынды өрт
Өшер еді Сәрсекем.
Әділетпен қылыштай
Кесер еді Сәрсекем.
Талай үлгі, өсиет
Айтып еді Сәрсекем.
Келер істі болжайтын,
Батыл еді Сәрсекем.
Асыл өлең жазатын,
Ақын еді Сәрсекем.
Сөйлемейтін орынсыз,
Сабырлы еді Сәрсекем.
Қасқарауға кәрия
Қадірлі еді Сәрсекем.
Ақыл, ойы дариядай
Терең еді Сәрсекем.
Ысты, дулат, жанысқа
Керек еді Сәрсекем.
Елге айтып, ескертіп,
Ізін баққан Сәрсекем.
Сасқандарға сабырлы,
Тоқтау айтқан Сәрсекем.
Саты менен ботыға
Серке болған Сәрсекем.
Сұлутөр мен Қордайға
Ерке болған Сәрсекем.
Әділ сөзі ап-айқын
Келте болған Сәрсекем.
Арқа тұтқан адамға
Тіреу болған Сәрсекем.
Кемпір, шалға жұбаныш,
Сүйеу болған Сәрсекем.
Біріне аға, біріне
Күйеу болған Сәрсекем.
Биқа кетті арманда,
Қайғы-зардан Сәрсекем.
Қанша қайғы келсе де,
Қажымаған Сәрсекем.
Жалғыз ұлы өлсе де,
Жүдемеген Сәрсекем.
Кебекеңнің кейінгі
Баласы еді Сәрсекем.
Жүрген жері жиынды,
Тамаша еді Сәрсекем.
Жанның бәрін жақынға,
Санаушы еді Сәрсекем.
Мен ревком болғанда,
Орынбасар сен едің.
Қиын-қыстау істерге,
Ақыл қосар сен едің.
Ірге тасын советтің,
Қаласқан да сен едің.
Жетім-жесір кедейге,
Қарасқан да сен едің.
О, халқым, маған риза бол,
Жоқтау жаздым азырақ,
Арқа сүйер ағадан
Жалғыз қалдым ажырап.
1965