КЕНЕННІҢ КЕНІ ТАУСЫЛМАС. КЕНЕН АТАНЫҢ ӘНДЕРІ – МЫҢЖЫЛДЫҚ АЗЫҚ….

Ал ән мұрасын насихаттаушылардың бірі – Төрткен Кененқызы.
Төрткен Кененқызы 1936 жылы Жамбыл облысы, Красногор ауданы (қазіргі Қордай ауданы) Отар станциясында туған. Әкесі Кенен Әзірбаев халық ақыны, сазгер, әнші. Анасы Нәсиха жұмыс істемеген көп балалы ана. Алматы қаласының №12 қазақ мектебінде оқып, орта білім алған. Ол кезде бұл мектепте тек қазақ қыздары оқитын. Төрткен Лузгина Зинаида Михайловна, Әлия Дүйсенова, Нуртазина Рафика Бикеновна сияқты ұстаздардан білім алған. 1955-1960 жылдар аралығында Абай атындағы Қазақ Мемлекеттік педагогика институтында оқыған. Мамандығы қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі. Тұрмысқа шығып, алғашқы еңбек жолын Жоламан станциясында №274 мектепте (Талдықорған облысы, Гвардия ауданы) аға пионервожатыйлықтан бастаған. 1962-1964 жылдар аралығында жолдасы Байділденов Тасығанның қызметіне байланысты Текелі қаласына көшіп келіп, осы қаланың №4 мектебіне бастауыш сыныптарға қазақ тілінен сабақ берген.