Төрткен Кененқызы

Төрткен Кененқызы

Төрткен Кененқызы 1936 жылы Жамбыл облысы, Красногор ауданы (қазіргі Қордай ауданы) Отар станциясында туған. Әкесі Кенен Әзірбаев халық ақыны, сазгер, әнші. Анасы Нәсиха жұмыс істемеген көп балалы ана. Алматы қаласының №12 қазақ мектебінде оқып, орта білім алған. Ол кезде бұл мектепте тек қазақ қыздары оқитын. Төрткен Лузгина Зинаида Михайловна, Әлия Дүйсенова, Нуртазина Рафика Бикеновна сияқты ұстаздардан білім алған. 1955-1960 жылдар аралығында Абай атындағы Қазақ Мемлекеттік педагогика институтында оқыған. Мамандығы қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі. Тұрмысқа шығып, алғашқы еңбек жолын Жоламан станциясында №274 мектепте (Талдықорған облысы, Гвардия ауданы) аға пионервожатыйлықтан бастаған. 1962-1964 жылдар аралығында жолдасы Байділденов Тасығанның қызметіне байланысты Текелі қаласына көшіп келіп, осы қаланың №4 мектебіне бастауыш сыныптарға қазақ тілінен сабақ берген.
1965-1974 жылдары жолдасының Алматыға қызметке ауысуына байланысты, қазіргі Ұлттық кітапханада аға библиограф болып еңбек еткен. 1974 жылы жолдасының жұмысына байланысты Іле ауданының сол кездегі аудан орталығы Қапшағай қаласына көшіп келген. Осы жылдың аяғында Іле ауданының орталығы өзгеріп, Энергетик (қазіргі Өтеген батыр кенті) елді мекеніне көшіп келген. Осы жерде Төрткен Кененқызы зейнеткерлікке шыққанша халық ағарту бөлімінде қазақ тілі мен әдебиетінің методисі, инспекторы болып, онан соң әдістеме бөлімін басқарған.
1979-1987 жылдар аралығында Іле аудандық мұғалімдер кәсіподағының басышылығына сайланған. 30 жылдан астам халық ағартуда істеген еңбегі елеусіз қалған жоқ. 1981 жылы «СССР халық ағарту ісінің озық қызметкері», 1985 жылы «Қазақстан Республикасының халық ағарту ісінің озық қызметкері» деген белгілерімен марапатталған – Еңбек ардагері. Төрт бала – екі қыз, екі ұл тәрбиелеп өсірген ардақты ана. Бұл күнде олардан он екі немере сүйіп, он бес шөбере өсіріп жатқан аяулы әже.
Дарынды отбасында өскен Төрткен Кененқызы өнерді мейілінше сүйді, өнерліні қатты құрметтейді. Мектеп жасына дейін әкесімен бірге ауыл еңбекшілерін аралап, малшылардың, қырықтықшылардың, шөпшілердің, егін басындағылардың алдында ән айтып, тақпақ айтып өскен Төрткен Кененқызы мектепке барған соң да көркемөнер үйірмелерінің белсенді мүшесі болған. Кейінде халық ағарту саласында еңбек ете жүріп, көркемөнерден еш уақытта қол үзбеген ұстаз. Қайда жүрсе де, нендей қызмет атқарса да еңбекшілер, әсіресе оқушылар мен оқытушылар арасынан өнерге жақындарын ұйымдастырып, ансамбль құрып ел арасына концерттермен шығып, жастан алғыс, үлкендерден бата алған кездері аз болмаған. Бұл салада да еңбегі үнемі ескеріліп, марапатталып отырған. Аудан, облыс, республика тіпті Одақ көлемінде алған мақтаулары, дипломдары, алғыстарының өзі бір төбе. Солардың ішіндегі ең негізгісі Қазақстан жастарының тұңғыш фестивалінің дипломанты – 1957 жылы, Бүкілодақтық көркемөнерпаздар шығармашылығының лауреаты – 1985 жылы, «Тұлпар» сыйлығының лауреаты – 1995 жылы атанды.
Зейнетке шыққаннан кейін де Төрткен Кененқызы еңбектен де, қоғамдық жұмыстардан да қол үзбей келді. Аудан орталығы «Энергетический» деген атын «Өтеген батыр кенті» аталынуына, осы орталықта ашылған «Мұқағали Мақатаев» атындағы қазақ орта мектебінің және «Қуат» қазақ балабақшасының ашылуына, аудандағы көптеген мерекелердің жоғары деңгейде өтуіне атсалысқаны бар. Сондықтан аудан еңбеккерлері оны аудан мәслихатының депутаты етіп сайлады. Ал 2001 жылы Тәуелсіздігіміздің 10 жылдығына орай «Іле ауданының Құрметті азаматы» атағы берілді.
Аудан орталығында үлкен құрметке ие болып жүрген зейнеткерлерден құралған «Ардагерлер» ансамблінің алғашқы ұйымдастырушысы да осы Төрткен Кененқызы. Бұл ансамбль қазір «Халық ансамблі» атағын жеңіп алды. Өзінің қызметімен қоса отбасы, ошақ қасы, бала-шаға, жанұя тірлігімен қоса, әке шығармашылығын бірге алып жүрген Төрткен Кененқызының тірлігі көпке үлгі болуға тиіс. Бұл туралы газет, журналдарда да жазылған материалдар жеткілікті.
1976 жылы әкесінен үйренген 90 әнді нотаға түсіртіп, «Бозторғай» ән жинағын шығарды. 1984 жылы редакция алқасының мүшесі болып ақынның еңбектерін таңдамалы екі томдықпен шығарды. 1998 жылы «Жалын» баспасынан «Кенен» атты естелік-эссе жарық көрді. 2005 жылы «Қазығұрт» баспасынан алғашқы «Кенен» деген еңбегін толықтырып «Кенен ата» деп шығартты. 2000 жылы әкесі жайында жазылған естеліктер жинағын құрастырып «Екі Кенен тумайды» атты кітабын «Шартарап» баспасынан шығартқан. 2000 жылы әлі де халыққа жетпей, әрі ертеректе саясатқа сыймаған көптеген еңбектерін жинап, «Елорда» баспасынан «Аңыздар сыры» кітабын жариялатты. Осы жылы әкесінің өз үнімен орындаған әндері «Алатау аясында» және өзінің орындауындағы әкесінің әндерін «Ой жайлау», «Мен сүйемін халқымды» атты аудиокассеталарын шығарды. Өзі тұрған Іле ауданының Боралдай елді мекеніндегі №15 мектебінің, сол мектеп тұрған көшенің Кенен Әзірбаев есімімен аталуына, мектепке ақын шығармашылығына арналған мұражайдың ашылуына да аянбай атсалысқан, ұсыныс жасап, көптеген материал беріп, басы-қасында болған да осы Төрткен Кененқызы.
Төрткен Кененқызы 1999-2009 жылдар аралығында Алматы қаласындағы эстрада-цирк колледжінің «Халық бөлімінде» Кенен Әзірбаев әндерінен сабақ беріп, сазгердің айтылмай кеткен әндерін жарыққа шығарды.
Екі жылда бір рет Кенен Әзірбаевтың музыкалық шығармашылығына арналған «Шырқа, дауысым!» атты республикалық конкурсы Тараз қаласында өткізіліп келеді. Бұл байқаудың өтуіне де мұрындық болған Төрткен Кененқызы. Осындай еңбектері үшін Төрткен Кененқызы 2004 жылы Қазақстан Республикасының «Мәдениет қайрайткері» құрмет белгісімен, «Қазақстан Конституциясына 10 жыл», «Қазақстан тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медальдарымен, сонымен қатар 2012 жылы «Егеменді Қазақстанға 20 жыл», 2015 жылы «Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 70 жыл» медальдарымен марапатталды.
«Қосылған қоңыр қазға ән мен үнім», «Әнім қалсын» атты сазгер әндерінің дискілерін шығарып таратты. Алматы облысы әкімдігінің қолдауымен «Бұлбұл еді, дүлдүл еді Кенекем», 2000 жылы жарияланған «Екі Кенен тумайды» естеліктер жинағын толықтырып қайта шығарды. Жасына қарамастан, Төрткен Кененқызы 2006-2013 жылдар аралығында аудандық ардагерлер Қоғамының төрайымы болып еңбек етті. Аудандық газеттің штаттан тыс тілшісі. Үнемі мақалалары мен әңгімелері жарияланып тұрады. Ұзақ жылдар аудандық ономастика комитетінің мүшесі болды.
Қоғам қайраткері ретінде өңір өнеріне қосқан үлесі мен еңбегі үшін халықтың, облыс және аудан басшыларының алғысы мен марапаттары шексіз.

 

Төрткен Кененқызының орындауындағы әндер

Төрткен Кененқызының жазған кітаптары