АЛАТАУ АСПАНМЕНЕН 

 ТІЛДЕСКЕНДЕЙ

Алатау аспанменен тілдескендей,

Қол созып көкпенен де күрескендей.

Сәулесі сансыз жұлдыз суға түсіп,

Күн мен ай күліп, құшып сөйлескендей.

Шолпан да Темірқазық телмірісіп,

«Мен достың, бері таман кел» дескендей.

Тянь-Шань, Тарбағатай, Кавказ қүзы

Алыстан Алатаумен үндескендей.

Сай-сайдан сулар тасып арқыраған,

Еңбекке колхоз, совхоз үлескендей.

Бұл түзде менен артық тау болмас деп,

Ешкімге бас иместен сірескендей,

Ортасында Талғардың құз-шыңы тұр

Батынып маған тиер кім дескендей.

Білектей бүлдіргені қарақат пен

Аса алмас Қантәңірден адам атпен.

Басындай жас баланың Құлжа алмасы

Айналып кете алмайды дәмін татқан.

Қарағай, қайыңы мен түрлі жеміс,

Сұлудай мөлдіреп көз кірпік қаққан.

Кигендей торғын шапан, жасыл жібек

Қадалып қарағандар кезін сатқан.

Жігіттің көзін тескен қыз секілді

Жамылып атлас шайы, түйме таққан.

Таласқан аспанменен шың-құздары

Күлімдеп күн мен айға жауап қатқан.

Батырдай сауыт киген, қалқан ұстап,

Күндіз-түн ұйықтамай халқын  баққан.

Қойнында Алатаудың жүз түрлі аң бар

Әлдісі әлсіздерін шуылдатқан.

Құс салып, ит жүгіртіп аңшылары

Қуады мылтық атып, салып қақпан.

Балауса балдырғаны белуардан

Сылдырлап мөлдір бұлақ сылаң қаққан.

Аққудай дарияға қатар жүзген,

Қыздары Алматының ән шырқатқан.

Перідей жігіттері белең өсіп,

Өнері бірінен соң бірі артқан.

Заманында Советтік Қазақстан

Күмбірлеп ертелі-кеш күйін тартқан.

Жыр төгіп, нөсерлеткен ақындар көп,

Үлгі алып тоқсан толғау Жамбыл қарттан.

Астана Алматының қаласынан,

Сарыарқа, Жетісудың саласынан,

Аймағы алты айлық жол Қазақстан

Қиырсыз ұшан-теңіз даласынан.

Толғанып күй құйылтып, жыр төгеді,

 Бабалардың  қуат алып данасынан.

Жаңғыртып Алатаудай туған жерден

 Қордай мен Сұлутөрдің жағасынан.

 Қолына ап кәрі жолдас домбырасын,

Кененмін талайлардан бақ асырған.

Көп көрген ақсақалым – Алатауым,

Аспанмен ғасыр бойы бітпей дауың,

 Көк тіреп биік бойың шоқтықтанып,

 Лебімен бұлтты тартып алған дәуім.

 Қыста сен ақ күміс қар жамыласың,

Көктемде гүлденеді көктеп баурың.

Төсіңде ағаш өсіп сап түзеген,

Бойыңа көрік берген бақша, бауың.

Шыңыңа Лениндік ту тігіліп,

Басталды қызықты өмір, жаңа дәуірің.

 Бауырыңда Алматыға астана орнап,

Гүлденді мол дәулетті Советті аулым.

1929

 

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *