БІР ӨСИЕТ ЖАСТАРҒА

Көп жасаған көпті көрмей қалмайды,

Дүние шіркін адамзатты алдайды.

Ата-анадан малды жақсы көрсең де,

Сұм қара жер соның бәрін жалмайды.

Дүниені көрмек үшін келіппіз,

Жаратылыс тамашасын көріппіз.

Ай менен күн жарық беріп тұрса да,

Надан болып көр соқырға еріппіз.

Жалғыз өскен көктеректе пана жоқ,

Жалғыз жүрген ер жігітте баға жоқ.

Елдің қамын ерте бастан ойлаған,

Лениндей адамзатта дана жоқ.

Бұл дәуірдің білімі көп, білемін,

Жасым өтіп арманда боп жүремін.

Барша жұрттың кәрі-жасы көзі ашық,

Ұрпақтарым оқыңдар деп тіледім.

Ескі әдетті, надандықты тастаңдар,

Ғылым білген айға ұшып аспандар.

Мұхит дария асты-үсті үй болды,

Мұның бәрі білім күші, жас балдар.