ДОСТАРЫМ
Әуелі анық досым атам, анам.
Онан соң, өз ұрпағым, қатын-балам.
Тағы да Ұлы Отаным, ардақты елім,
Айтамын партияға сансыз сәлем.
Алғашқы қойшы достым Аянбай-ды,
Бір жанын мен дегенде аямайды.
Өлгенше бірге жүріп, бірге тұрдық,
Өзгелер болса-дағы түйе-тайлы.
Еркебай, екіншіден, шын дос маған,
Көрсетіп жақсылықты шын қостаған.
Қашанда жегжат-жұрат жақындығын
Көзінің қыры түсіп қорғаштаған.
Үшінші Мәсімхан бар қырғыздағы,
Үйіне үш ай тығып, тұрғызғаны.
Әли батыр бәріміз қырғыз барып
Жатқанда бізді айтпай, сыйғызғаны.
Төртінші Жандосов еді дос тамаша,
Бір жүріп, бірге істедік ниет қоса.
Аяспай қолда барды алдық-бердік,
Ән шырқап Жетісуда бір жанаса.
Орыстан Шпегальский Иван болды,
Мен үшін қара басын қиған болды.
Күрестік бандиттер мен байларменен,
Достықпен әлі жүрміз үзбей қолды.
Жетінші, бір достым бар композитор,
Кендерім азды, көпті сонда жатыр.
Белгілі Ерзакович Борис аты,
Жүрек пен ниетіміз балдан тәтті.
Сегізінші, Қаратаев достың бірі,
Кетеді шындықты айтса көңіл кірі.
Қиындық көргенімде жәрдем берген
Себепкер жүргенімде елде тірі.
Тоғызыншы, бір достым Тайыр сері,
Тамаша ойын, сауық жүрген жері.
Мінездес болмай адам дос бола ма,
Келеміз көңіл қосып көптен бері.
Сәбитпен достығымды кім білмейді,
Кейбіреу ашық жүрмей күбірлейді.
Алты жыл ауырғанда ат салысқан,
Жүректің ыстық қаны үзілмейді.
Менде дос-жарандар толып жатыр,
Ниеттес тілектестер болып жатыр.
Әйелден Латипа мен Мөртай сұлу,
Жүректің түкпірінде тынып жатыр.
Ауыз дос арсақбайлар қаптап жатыр,
Дәріптеп әндерімді мақтап жатыр.
Өлеңімді, жырымды қадір тұтып,
Оқушым ән-жырымды жаттап жатыр.
1960