ЕСКЕРТКІШ
Жас күнде тасығандай қайнар күшің,
Толықсып толған айдай көріктісің.
Сол қалыптан айнымай тұра бермей,
Орақтай боп қалғанда күйеді ішің.
Күркіреп жауып кеткен өткіншідей,
Секілді өмір солай өкінішің.
Орақ орып, кетпенді шаппасам да,
Ән мен күй, өлең еді бар жұмысым.
Он жасымнан ән шырқап, өлең айтып,
Халқымның қандырып ем құлақ құршын.
Мың сөйлеп, жүз күлдіріп, еңбекші елді
Сайраған саядағы бұлбұл құс ем.
Астана Москваға тоғыз бардым,
Ән шырқап Қазақстан халқы үшін.
Толғанда тоқсан жасқа той тойлаған,
Халқымның көзбен көрдім қуанышын.
Бағалап ән-жырымды Компартия,
Медаль менен орденге толды төсім.
Елестеп көз алдымнан өтіп жатыр,
Секілді сол өмірлер көрген түсім.
Тілден басқа денемнің бәрі өзгеріп,
Түсе-түсе таусылды отыз тісім.
Айнала Алатауды шапқан дүлдүл,
Жарылып кетпей отыр қайтіп ішім.
Шығып ап тоқсан бірдің төбесіне,
Өзіме арнаған бұл ескерткішім.
Тарихта өлеңім мен жырым жүрсін,
Халықта ән-күйім мен үнім жүрсін.
Айтқаны атамыздың рас қой деп,
Оқыған ұрпақтарым біліп жүрсін.
Сығалай суретімді басып алып,
Төріне ескерткіш қып іліп жүрсін.
1976