ҚАЗАҚ,   ҚЫРҒЫЗ, ӨЗБЕК

Қазақ, қырғыз, өзбектер аты жұп-ай,

Жүрегінде кіршік жоқ, аққан судай,

Егіз туған қозыдай қатар өскен,

Салт-санасы, жүрісі ширақ ыңғай,

Қырғыз етті тураса, қазақ жесе,

Өзбектер палау басып «кел-кел» десе,

Үш бұтындай ошақтың халқым едің,

Өркендеген еңбекшіл мал-басы өсе.

Қырғыз, қазақ, өзбек қатар жатқан,

Араласып атадан келе жатқан,

Шақырамын тойыма, туысқандар

Шыршық пенен Тянь-Шаньның суын татқан.

Қарсы аламыз қонақ қып Қазақстан,

Тойға келгін торқалы, дос-туысқан.

 Өлеңменен төрт ауыз сәлем айттым,

 Еске алып елі тұрсын осы бастан.

                          * * *

Үйінде Жаппар балам қонған күні,

«Аталап» еркеледі қыз бен ұлы,

Қабағы Зәуреш келін жазық екен,

Әділ мен Әмір, Ақан, қыз Нәргүлі,

Үйлерің құтты болсын, ұрпақтарым,

Дем алып, ақ төсекте шынтақтадым,

Шын адам астан бұрын, қасқа тояр,

Танбаңдар бұл пейілден, шырақтарым!

1958-1960