КЕБЕКБАЙДЫҢ КЕЛБЕТІ
Он жаста Кебекемді көрдім анық,
Жас шақта көрген нәрсе ойға қанық.
Сарылау, кең жауырын, сүйір сақал,
Ақылға қайратпенен құйған сауыт.
Келбетін көрген адам сүйінгендей,
Сөйлегенде барлық жұрт иінгендей,
Танбайды күні-түні жүгіністен,
Тұғырда тұрып қыран түлегендей.
Айнала қара көзін қызыл басқан,
Кірпігі оза шығып, қара қастан.
Кім нашар болса соның сөзін сөйлеп,
Қамқоршы бола білген бала жастан.
Шор буын, сүмбіл сүйек, кеудесі кең,
Шелектей кебентайы етек пен жең.
Жүгініп жұрт алдында сөз сөйлесе,
Болмаған бір қатесі, бәрі де жөн.
Жанары екі көздің жанған оттай,
Сөзінің өткірлігі атқан оқтай.
Не айтса да дүйім жұрт мақұл дейді,
Сол тұста Кебекбайдай әділ жоқты-ай.
Аз сөйлеп, көп тыңдайтын елдің сөзін,
Бас иіп, жұма қарап екі көзін.
Сабырлы, салқын мінез, сүйкімді жүз,
Халыққа борышкердей көріп өзін.
Кеңесті көпшілікке салушы еді,
Кімдердің кім екенін танушы еді.
Әбес сөйлеп, ант атқан тентектерің
Бір қараса, оңалмай қалушы еді.
Еңсегей ерге лайық туған бөлек,
Кім зорлық, қорлық көрсе соған көмек.
Абақ, Тарақ бас қосқан қырғыз, қазақ,
Кебекбайға келеді соңғы кезек.
Құлақ пен ауыз-омыртқа біткен қатар,
Малы жоқ дер кісі емес үйде жатар.
Қасқараудың мал-басын қорғайды екен,
Сексен жеті жасында шекті сапар.
Нағашысын еске алды Жалайырда
Халықтың үлгі болған талайына,
Кебекбайдай асыл ер, азаматты,
Көргенімді сөйлемей қалайын ба!
1952