КЕЙБІРЕУ
Кейбіреу кербездене – әлін білмей,
Кеудесін көтереді кәдімгідей.
Кейбіреу қалжыңдасар кейбіреумен,
Өзінің ойнайтұғын теңін білмей.
Кейбіреу кейбіреуден дау даулайды.
Сөзінің жығатұғын ебін білмей.
Кейбіреу кейбіреуге сын тағады,
Өзінің бойындағы мінін білмей.
Кейбіреу судай ағып сөйлей берер,
Ол сөздің артық-кемді жөнін білмей.
Кейбіреу асқақтатып айқайлайды,
Ол әннің айрылатын шегін білмей.
Кейбіреу кейбіреумен бақталасар,
Өзінің отыратын жерін білмей.
Шын тұлпар қызған сайын екіленер,
Таулардың ылди менен өрін білмей.
Кейбіреу үзеңгісі алты қабат,
Құлағы түзге шықса тебінгідей.
Кейбіреу жапалақтай жарбаңдайды,
Өзінің әлі келер жемін білмей.
Бұл дүние диірмендей бір дөңгелек,
Бұрқырап өте шығар әлек-шәлек.
Үмітпен «ханның қызын алармыз» деп,
Өлетін отқа күйіп біз көбелек.
Кейбіреу әңгіме айтса көп айтады,
Аузыма ел қарасын деп айтады.
Біреуге біреудікін ауыстырып,
Дәлелсіз білмеген соң неге айтады?
Кейбіреу дәмді, тәтті сөз айтады.
Кейбіреу құрт-малтасын езе айтады,
Қызықсыз күнде айтылған бір әңгіме,
Құлаққа мазасыз боп тез қайтады.
Жорғаны көп салмасаң төселмейді,
Жүйрікті көп шаппаса көсілмейді,
Кейбіреу шашау сөйлеп құлдырлатса,
Байқамай сөз маңызын, шешен дейді.
Айтатын әңгіменің ұстасы бар,
Адамның үлгі көрген нұсқасы бар,
Елірмей, елеуремей, иесін біл,
О, халқым, осы айтқан сөз тура шығар.
1967