КЕК АЛУ

Ұлы Москва астана,

Астанаға тілектес,

Кемпір мен шал, жас бала.

Москваны алам деп

Гитлер болды масқара.

Жауынгер қызыл қырандар,

Құтырған жауды күйрете,

Алдынан шықты қасқая.

Бастаушымыз Партия,

Жауды қалай жеңуді,

Үйретіп отыр басқара.

Жігіт батыр бола ма,

Бастап шеру тартпаса.

Арғымақ дүлдүл бола ма,

Алыс жолға шаппаса.

Ердің аты шыға ма,

Егескенді жықпаса.

Жауынгер атақ ала ма,

Жауды мықтап соқпаса.

Ұлы астана түбінде,

Қансырады фашистер,

Ленинград қасында

Қалтырады қанішер.

Калининнен қуғанда,

Қансырады қанішер.

Жеңімпаз қызыл ерлерім,

Жауға ойран салады.

Опасыз сұмырай фашисті

Қуып кетіп барады.

Қанын судай ағызып,

Қырып кетіп барады.

Шетінен есін тандыра,

Ұрып кетіп барады.

Жерге таптап тепкілеп,

Тығып кетіп барады.

Шілдей тозып фашистер,

Бұғып кетіп барады.

Топалаң тиген қойдайын,

Құрып кетіп барады.

Жауынгерлер майданда,

Осылай кек алады.

1942