КӨГЕРТЕР КӨСЕГЕҢДІ

Шыңдалған ұлы еңбекте, ұл-қыздарым,

Бөленген бақыт нұрға, жұлдыздарым.

Жүрекке демеу беріп, жалын құяр

Сарайын коммунизм тұрғызғаның.

Астықты тың далаға аттаныңдар,

Берерін табиғаттың ап қалыңдар.

Бойкүйез, арамтамақ, жатып ішер –

Жаман дерт, осы бастан сақтаныңдар.

Қарандар қара сөздің түйініне,

Қарама сырты әдемі киіміне.

Араққа арын сатып жүрген жаман,

Қоғамның қосылмайды ол үйіріне.

Жас ұрпақ, үлгі айтады Кенен атаң,

Айтпаймын аламын деп ат пен шапан

Көгертсе көсегеңді еңбек ана,

Мен-дағы ұран қоспай қалай жатам!

1959