КӨК КЕПТЕР
Жасымнан жақсы көрем кептер құсты,
Көкторғын, ақ шағала, түрлі түсті.
Кұйқылжып, көкте билеп, ойнап ұшып,
Күжілдеп күнде ән-күй үйдің үсті.
Кетпейді қашып-пысып басқа құстай,
Бір үйір болып алса, жаз бен қыстай,
Шарықтап шыр айналса ауыл үстін
Қараудан жалықпаймын ішім пыспай.
Балалар қуанады кептеріне,
Балапан ұя жасап кетпеуіне,
Үлкенге, кішіге де сүйкімді құс,
Сенемін еш зияндық етпеуіне.
Қолымнан ағараңдап ұшты-дағы,
Шарықтап арманымның кетті өріне.
1940