КӨКТЕРЕК АУДАНЫНДА
Кездестік Көктеректің халқыменен,
Көңілдің сағынысқан шартыменен.
Түйтебай құшақ жайып қарсы алды,
Көрістім ескі жолдас, қартыменен.
Құрметті Көктеректің кәрі-жасы,
Клубтың сықырлайды босағасы.
Көкірек, Күнту, Сәмбет, жалайырлар
Айтысып жататұғын ақын, әнші.
Балқыбек, Сауытбек пен Қылышбайдан,
Жидебай, Бармақ ақын, Қожантайдан.
Айтысып, әзілдесіп қағысатын,
Ортасында Ләтипа туған айдан.
Жазылбек Москваға кеше кеткен,
Атағын бүкіл елім мақтан еткен.
Бағында Көктеректің саяладық,
Сіміріп қымызынан, алып еттен.
Совхозы Мойынқұмның озған екен,
Озғанын барлық газет жазған екен.
Ағысбайдың табысы бәрінен зор
Жүз саулықтан жүз қырық қозыдан екен.
«Фурманов» совхозында Орынбай-ды,
Шопан боп құтты таяқ қойын жайды,
Ол-дағы жүз саулығын үш жүз етіп,
Міндетін артығымен орындайды.
Совхозда «Аманкелді» Жұмабай ер
Ардақтап мақтап жатыр оны көп ел.
Қорасын жылда қойға толтыратын,
Талмайтын талабы зор ол да еңбеккер.
Қоштасып, Көктеректен елге кеттік,
Шуды өрлеп сұр тұлпармен демде жеттік.
«Қос батыр» деген жаңа ән шығарып,
Көктерек ауданына тарту еттік.
Халқы Көктеректің болды разы,
Кенеке, келіп тұр деп қысы-жазы,
Елімнің еркелеткен арқасында
Мен болдым айдын көлдің аққу-қазы.
Аяғы қыдырудың «Киров» болды,
Осымен тоқта! – деген «бұйрық» болды.
Бұл жолғы тапқан пайдам таудан да зор
Халықтан сансыз алғыс сыйлық болды.
Соңында өз ауылымды араладым.
«Аталап» жүгіріп жүр балаларым.
Клубқа кәрі-жасы лықа толды,
Артистей сырттан келген бағаландым.
Сағынып өз колхозым қалған екен,
Көздері қарай-қарай талған екен;
– Қанша ел, қанша жерге бардыңыз?- деп,
Ортаға көргеніңді сал, Кенекем!
Мен айттым: «Талай елден қызық көрдім,
Халқымның дариясына жүзіп келдім…»
1960