КҮЛӘШҚА

Бұлбұлым, сандуғаш,

Болатым, гауһар тас.

Шолпандай жарқ еткен,

Қазақ қызы ең алғаш.

Жаманаты келгенде

Шулады-ау кәрі-жас.

Арманда жас кеттің,

Қарағым қарындас,

Қара көз, қиғаш қас,

Бұраң бел, қолаң шаш.

Тік иық, кермиық,

Күләштай қыз тумас.

Халықтың бұлбұлы,

Әйелдің дүлдүлі.

Мезгілсіз үзілді-ау,

Отанның нұр гүлі.

Аққудай иіліп,

Балқытар шықса үні.

Гәккуге шырқаған,

Таң қалған тыңдаған,

Кремль кең сарай,

Даусына жаңғырған.

Жамбылмен екеуі

Бірінші жолды алған.

Ілесіп сендермен

Мен едім бір барған.

Басты роль ойнаған

Көрген жан тоймаған.

Үйреткен шәкіртің

Өзіңдей сайраған.

Еңбегің өлмейді,

Әуенің сенбейді.

Артыңда шәкіртің,

Өзің деп сөйлейді.

Ісің бар, өзің жоқ,

Күләшжан келмейді.

Көп ұлт, күллі адам,

Үніңе шөлдейді.

Жұлдыздай жарқырап,

Атағың сөнбейді.

1958