ҚҰМТӨБЕ БАСЫНДА
Ескі әдет, жаңа әдеттің арасында,
Еркектің әйелменен «таласында»
Азырақ көргенімнен өлеңдетсем,
Тыңдаушы құлағыңды саласың ба?
«Алғаны рас болса – әйел теңдік,
Жандосов, арыз айта саған келдік.
Кененді ортасына қамап алып,
Көрсетпей еркектерден қорлық көрдік,
Сол үшін келген едім – атым Шынар,
Тыңдауға өнерпазды халық құмар.
Кененді біздер жаққа жіберсін деп,
Ұсыныс көп әйелдің сұрауы бар.
Жиналдық бес жүз әйел Құмтөбеге,
Шашқандай інжу-маржан бұл төбеге,
Кененді сол төбеге отырғызып,
Өнерін көрсетсеңіз әйелдерге.
Отырсын ортамызда ән шырқатып,
Қызыққа әйел қауым қалсын батып».
Осылай қолқа салып кепті Шынар,
Әнші үнін естиік деп саңқылдатып.
Жандосов депті әйелге күлімсіреп:
«Осындай өткір әйел елге керек».
Ілесіп сол әйелмен бірге кепті,
Болған соң сөзге шешен, өзі зерек.
Отыр ем көпшіліктің ортасында,
Сұраған жауап беріп қолқасына.
Жандосов қолын бұлғап шақырған соң,
Жүгіріп келдім тура өз қасына.
Ол, сірә, жаман жолға бастамайтын,
Күпініп мен сондай деп мақтанбайтын.
Сыйлайтын ағатайлап кішіпейіл,
Қасынан қайда барса тастамайтын.
Екеуі мені солай ертіп барды,
Оразжан домбырамды шертіп барды.
Үстіне Құмтөбенің отырғызып,
Қош айтып көп отырмай кетіп қалды.
Кестелеп шалбар киген кемер белдік,
Әйелін Жалайырдың сонда көрдік.
Кененжан өлеңіңді айта бер деп
Шынар жүр күлім қағып зыр жүгіріп.
Кигені қыздарының асыл мата,
Басында кәмшат бөрік, мойнында алқа.
Таранып бұлбұл құстай ән шырқадым,
Көрген соң көп әйелді қозып арқа.
Тарқадық кешке жақын қалың әйел,
Қол бұлғап, қош айтысып қайта-қайта.
Осындай Құмтөбеде болды қызық,
Жүргендей аққу-қаздар көлде жүзіп.
Тарқады алғыс айтып бүткіл әйел,
Жегендей қырық түрлі жеміс үзіп.
Той жасап Жалайырлар атын шапқан,
Қыз қуып, балуан сайыс, жамбы таққан.
Үш жүздің балалары басын қосқан,
Үш-төрт күн тамашалап елге қайтқан.
1974