ҚҰСТАР АТЫ
Құстардың ең қыраны бүркіт батыр,
Аңдар мен құсқа салар заман ақыр.
Ителгі, қаршыға мен тұйғын, сұңқар,
Тояттар түзден ет жеп, олжа тапқыр.
Күйкентай, қырғилар да иір тұмсық,
Алады аңдып жүріп тышқан, шымшық.
Құладың, құзғын менен алақарға,
Сауысқан өлік іздеп жүреді ыршып.
Залалсыз түрлі-түсті сансыз торғай,
Ән шырқап тауда, көлде, орман-тоғай,
Қаз, үйрек, шағала мен сұлу аққу,
Тамаша жаз айларда думан құрды-ай.
Құстарда әр алуан үн болады,
Бірі шаттық, кейбірі мұң болады.
Қайтқанда жылы жаққа қыстан қашып,
Тауларда бір дыбыс жоқ, жым болады.
Аспандап ән шырқайтын боз торғайлар,
Түн бойы сандуғаш пен бұлбұл сайрар,
Қарлығаш, көкек, кептер біреуі жоқ,
Тырналар қош-қош айтып елді айналар.
Сарторғай, кұрқылтай мен шақшақайды,
Салмақтап ештемесін тастамайды.
Қақалып қарақарға, ұзақ, таған
Тұмсығын қызыл, сары ақбақайлы.
Көкқұтан, дуадақтар, қызғыш, тарғақ,
Безгелдек без-без етіп жүр аралап.
Шырқырап жылқышы құс шегірткемен,
Мекендер қопалы жер сортаң таңдап.
Үкілер, байғыз бенен саржапалақ,
Жар менен тас түбінде жалтақ қарап.
Қасқалдақ, сауысқан мен тоқылдақ бар,
Ағаш пен тасқа қонар шоқып санап.
Ұлар жүр өріп таудың шатқалында,
Кекілік отырады тас қасында,
Құрқылтай, ақтамақ құс әлек боп жүр,
Бұта мен жар жағалап су астында.
Бірқазан, қарабаймен қор болады,
Қырғауыл, кекілікпен жыр болады.
Үйдегі үйір құсты қоспағанда,
Жарқанат жансақтары түн болады.
Жер жүзін тегіс шарлар қанаттылар,
Көңілі қайда ауса ұшып барар.
Құстардың бір есептен арманы жоқ,
Табиғат ерікті қып жаратылар.
Құстың да мекені бар иемденген,
Тау мен тас, орман, тоғай сулы шөлден.
Ұялап балапанын ұшырады
Кетпейді шыр айналып туған жерден.
1969