ҚЫЗ ҚУУ

Салты бар ғой қазақтың,

Қыз бен жігіт қуысқан.

Жігіт жетсе мыжылар

Қыз емшегі уыстан.

Еркінен қыз айрылар,

Қырғауылдай қыз мойны,

Бет сүйгізіп қайрылар.

Жігіт қалып, қыз жетсе,

Қамшыменен сабайды.

Қыр соңынан қалмайды,

Жеткенше ұрад сөреге,

Жалау тіккен төбеге.

Салтын елдің мойындар,

Әйтпесе, қыз көне ме?

Тағы бір қызық қазақта,

Қыз-бозбала айқасқан,

Өлеңменен сыр шертіп,

Бірін-бірі байқасқан,

Керегенің көзінен,

Қол жүгіртіп танысқан.

Жүректері лүпілдеп,

Қас-қабағын қағысқан.

Қызыл түлкі – қыз болса,

Жігіт – қыран тауда ұшқан.

Сауықшыл ел жиналып,

Айт күні қыз қуысқан.

Жігіт шықты Ыстыдан,

Күміс қамшы қолында,

Білегіне қыстырған,

Оның аты Келебай,

Алып жігіт денелі-ай.

Етекбайдың еркесі,

Уәлидің кенжесі,

Үш болыс елдің серкесі.

Дулат жақтан қыз шықпай,

Жұрттың көңілі тынықпай,

Астындағы аттары

Шыр айналып ұршықтай.

Бай қыздары қорқады,

Орана киген торқаны.

Бөденедей бұққаны,

Қойдай үркіп ыққаны,

Қалың дулат қамалды,

«Қыз бар ма?» деп қарады.

Торығып ел тұрғанда,

Ақсақал жарлық қылғанда,

Жалт еткендей тан жұлдыз,

Шыға шапты бір жас қыз.

Он төрт жаста талдырмаш,

Желпілдеп желге қолаң шаш.

Қырғи қара ат астында,

Ұшқан құсқа шалдырмас.

Ақ тұйғындай түйіліп,

Ақ шайы көйлек киініп,

Екі көзі мөлтілдеп,

Басында үкі желпілдеп,

Қыз ағасы Сәлімбай,

Оның сыры мәлімді-ай.

Кедейден шыққан сал-сері,

Жастайынан жалындай,

Көп ішінде кесіліп,

Сөйлеуші еді арындай.

Ат кекілін таранып,

Жан-жағына қаранып,

Биқа шықты күлімдеп,

Ел де шықты дүрілдеп.

Тобылғы шыбық қолында,

Жеңгелері соңында,

Қынама бел қыз бала,

Қызға қарап бозбала,

Кәрі мен жастар жүгіріп,

Аруаққа сыйынып,

Сұлу шоқы басына,

Бас құдықтың басынан,

Тас құдықтың қасынан,

Жігіт қуды, қыз қашты,

Жұрттың бәрі шуласты.

Қара ат мінген Биқа қыз,

Ә дегенше қыр асты.

Намысқа мінген Келебай,

Қарасын қыздың көре алмай.

Қамшы басты кер атқа-ай!

Жете алмасын білген соң,

Қайта шапты баладай.

Қызға кезек келгенде,

Қулыққа салды Келебай.

Қырға қарай қасқарды,

Тозаңдатып аспанды.

Екі аттың дүбірі

Жаңғырықтырды тастарды.

Келебайдай мырзаны

Алты аттатпай бас салды.

Ауыздықпен алысып,

Тізгінімен қарысып,

Ысты, дулат қарап тұр,

Өз адамын танысып.

 Қыз ұрғанда жігітті,

 Ыстылар тұрды намыс қып.

Сұлу Биқа тоқтамай,

Сөреге келді ағызып.

Туда тұрған – жамбыны

Жұлғызып қызға алғызып.

Қырғи қара ат үстіне

Биқа тұр көзді талғызып.

Ыза болған Келебай,

Кер атты келіп басқа ұрды.

– Мұндай жылқы құрсын! – деп,
Белқожаға тапсырды.

– Қайта бәйге болсын! – деп,
Ыстылар тапты ақылды.
Дулат бұған тақ тұрды.

Көп ішінен Келебай,

Тор төбел атты жақтырды,

Нар түйедей тор атқа,

Сол заманда зор атқа,

Келебай мінді керіліп.

Қайта бір жамбы байланды,

Түлен түртті байларды.

Тағы сын болды оларға,

Жігіт қуды, қыз қашты,

Тағы да халық шуласты.

Белгілі-болжау Нұраға

Биқа қыз ұрды құлашты.

Тор төбелмен Келебай

Қызды қуып жөнелді.

Тағы да қалды Келебай,

Қарасын қыздың көре алмай.

Тор төбел артта салақтап,

Келебай келді далақтап.

Күдерді қыздан үзген соң,

Қайта қашты алақтап.

Қырғи қара сап етті.

Қыз қамшысы шарт етті.

  Келебай мырза жалт етті.

  Жеткенше ұрды сөреге.

  Аямады жігітті,

  Көтеріп қолын төре де,

  Қызға жамбы береді.

  Әбиірді қыз алды,

  Келебай қатты қызарды.

  Кәрі-жас күлді қарқылдап,

  Аққу, қаз ұшты қаңқылдап,

  Көзге түсті Биқа қыз,

  Танадай көзі жалтылдап.

  Елден Биқа бата алды,

  Шабандоз қыз атанды.

  Сондағы көрген кемпір-шал

 Аңыз ғып әлі айтады.

 Жеңіліп қалып жігіті,

 Ыстылар басын шайқады.

 Алам деп келген бай-манап,

 Түңіліп қыздан қайтады.

 Жалаң аяқ, жалаң бас,

 Бала күнде көргенім,

 Сіздерге өтірік, маған шын,

 Халқыма айтып бергенім.

1965