ҚЫЗДАР-АЙ!
Алатаудың басынан ұшпа шықты,
Іше алмайсың суынан үш қасық та.
Біздің қалқа сұрасаң бір асыл тас,
Шәйі шапанын жамылып тысқа шықты.
Қидасынгер, ендеше, қидасынгер,
Көшкенде жемір тайлақ бұйдасын жер.
Ақ бетіңнен бір сүйгіз замандасым,
Көрген жан, әзер болса қимасың дер.
Жаман жақсы болмайды бекер мақтап,
Оңай емес жаманға өнер таппақ.
Тал бойыңда тарыдай бір мінің жоқ,
Қандай адам өсірді сені баптап.
Тау талындай, ендеше, тау талындай,
Ашымаған сабаның саумалындай,
Тұла денең біреудің, аманаты,
Бет-әлпетің жұмылса жау малындай.
1906