ҚЫЗЫЛ   ТУЛЫ

Колхозым, құтты болсын қызыл туың,

Орнатқан орақ, балға сұлу туың.

Жарыста озып шыққан еңбегіңе,

Берілген ардақты атақ, ырыс туың.

Ұзынсу, Иірсумен қатар аққан,

Мадияр, Берікқара жұбай жатқан.

Бұл жерді мекен еткен құтты колхоз,

Еңбегің игілікті болды мақтан.

Бәйге алдың ту үстіне жиырма мың,

Өзгеше жылдағыдан биылғы арын,

Екі елі төбем көкке тимей қалды,

Уралап аудан болып сыйлаған күн.

Самалды, шөбі шүйгін тауың биік,

Балауса балбыраған, изені ұйық,

Торқалы топырағы майлы, селді,

Өседі түрлі өсімдік басын иіп.

Әлі көп істейтұғын жұмыстарың,

Тудың артқан міндетін ұмытпағын.

 Баянды табыс үшін күресейік,

Ауылым, колхозшы елім, туысқаным.

1961