МӘСКЕУДЕ
Москваға осыменен бес барыппын,
Байқаңдар сонда қанша жер таныппын.
Сүйеніп бірге жүрген жолдастарға,
Байқамай ерте туып, кеш қалыппын.
Абайлап көшелерін біліп алмай,
Азабын оқымаған қатты тарттым,
Аралап Алматыдай кете алмаймын,
Басқаны Кремльден байқамаппын.
Үйінен Исағали[1] шыққан күні,
Адасып әуре болдым тап сол түні.
«Союздың» аспазынан тамақ ішіп,
Түсуге трамвайға келдім бері.
Қарасақ қалың адам тұр кезекте
Таласып итермелеп бірін-бірі.
Күн бұрын құмырсқадай тұрған халық,
Маңдайдан қатты аязда ағып тері.
Мен-дағы күтіп тұрдым трамвайды,
Трамвай адам салмай жүре алмайды.
Халықты айнасынан сығалатып,
Сұлудай сыңғыр қағып бұраңдайды.
Трамвай сылдыр етіп жүріп кетті.
Есігінен кіргенді іліп кетті.
Мен-дағы қолым созып ұмтылғанда,
Бір адам итермелеп жығып кетті.
Есмағамбет менен бұрын қолы ілініп,
Үстіне жас болғасын шығып кетті.
Жығылып үш ұмтылдым тұрайын деп,
Ішіме қорқу түсті уайым жеп.
Ұялдым сақалымнан көп ішінде,
Артынан жас балаша жылайын деп.
Қолымда қонақ үйдің номері бар,
Көрсеттім сол арада тұрғандарға.
«Северный-Северный» деп шуылдайды.
Тіліне түсінбедім ылаж бар ма!
Жүгіріп далбасалап келе жатсам,
Көрінді бір сұлу қыз оң жағымда,
Сол қызға есік ашып кіріп бардым,
Сыр бермей амандасып күліп бардым.
«Скандал», «опаздал» деп әлгі қызға
Қағазды қолымдағы бере салдым.
Сұлу қыз орын берді маған тұрып,
Қалыппын жүгірем деп дымым құрып,
Қуандым енді өлмейтін болдым ғой деп,
Әлгі қыз шығып кетті басын иіп.
Кешікпей бір кемпірді ертіп келді,
Жібердім қуанғаннан сонда күліп.
Шіркін-ай, сұлу қыздың пейіліне,
Сүйегім, денем балқып тұрдым еріп.
Қолтықтап әлгі кемпір алып жүрді,
Жөнелдік трамвайға қайта мініп.
Күнбатыс, күншығыстан бір белгі жоқ,
Кемпірге ере бердім көзді жұмып.
Тағы да әртүрлі ойды көп ойлаймын,
Бір жерге кете ме деп мені «жығып
Бір уақыт жатқан үйге алып келді,
Бейшара әлгі кемпір ертіп жүріп.
Шіркін-ай, шыбын жанның тәттісін-ай,
Бір көйлек бір жүз сомға алдым беріп.
Қазақтың ақын шалы мырза екен деп,
Жөнелді «спасиба» деп зыр жүгіріп.
Келдім де төсегіме жатып қалдым,
Ұйқының қызығына батып қалдым,
Телефон бас жағымда шылдырлайды,
Тұрдым да құлағымды соған салдым.
Тыңдасам, Есмағамбет даусы екен,
Келдім деп үйге аман айғай салдым.
Бір жерден о да барып түскен екен,
Мен қалған жерге қайта ұшқан екен.
Ол келсе, мен жоқ болып орынымда,
Зәресі, бұл қалай деп ұшқан екен.
Кенеке, аман ба, деп кіріп келді,
Қай жаққа кеттіңіз деп күліп келді.
Айрылып Кенекемнен, адастым деп,
Телефон талай жерге ұрыпты енді.
1943
[1] Исағали Шәріповты айтады.