МАВЗОЛЕЙДЕ
Уа, жатырмысың тыныстап,
Ленин-сынды бабамыз.
Жер шарының бетінде
Артық еді бағаңыз.
Ғаріп пенен қасерге
Сәулең түскен данамыз.
Мекеніңді көргенде,
Серпілді ақыл, санамыз.
Нысанаға көздеген
Өзің салған жолыңмен
Тура тартып барамыз.
Тарихты алға бастаған
Асқардай биік абзалым,
Дариясы едің ақылдың.
Шырайлы жүзің көргенде,
Тарқады іште арманым,
Ұзақты күн қарасам,
Дидарыңа құмартып,
Екі көзім талмады.
Күндей жарқын келбетің
Қуатқа қуат жалғады.
Мейірдің кені көсемім,
Ардақты атыңды атасам,
Қуанамын, өсемін.
Әлемді нұрға бөлеген
Данышпаным, сабазым,
Торқа болсын төсегің.
Басыңа келіп зират қып,
Ажарыңды көрген соң,
Бір жасап қалды Кененің.
Адамзатқа сіңірген
Еңбегің жойқын дария,
Жүдегенге өң беріп,
Теңдіксізді теңгеріп,
Қамқор болған, шешенім.
Сара жолың сайраған
Болашақтың тірегі.
Тоқтамай соққан сен едің
Адамзаттың жүрегі.
Айтқаныңды ұран қып,
Сөздеріңді құрал қып,
Алқызыл туын, астына
Тізе қосып бірікті,
Жер шары еңбекшілері.
Болашаққа жол тартқан
Бір шашау жоқ көшімде.
Өзің айтқан өсиет
Жаудың оғын қағатын
Қалқан болды төсімде.
Мадақтаған шындықты
Сөздерің мәңгі есімде.
1936