ОМАР ШИПИНГЕ

Омеке, құтты болсын мейрамыңыз,

Ініден осы өлеңді сыйға алыңыз!

Халықтың қазынасында үлкен байлық –

Сексен жыл сындарлы жыр жиғаныңыз.

Ардагер Аманкелді досы едің,

Жолдас боп қайрат-ақыл қосып едің.

Майталман, майда қоңыр жырларыңды

Әр уақыт қарсы алатын тосып елің.

Еңбегі елге сіңген ер өлмейді,

Бөленген ер даңқына жер өлмейді,

Тобылдың толқын суы өз жырындай,

Келер күн кенересін кемерлейді.

Қостанай желі самал, қоңыр салқын,

Соколов-Сарыбайдың білем даңқын,

Миллиардтың көбісін орындайтын,

Сіз туған жер болат пен бидай, алтын.

Құттықтап сәлем айтты Кенен інің,

Өкшелеп жетпіс беске келген бүгін.

Жамбылдай жүзге жетіп, арман бар ма,

Жырласақ туған елдің келер күнін!

1959