ОН  СЕГІЗІНШІ  ЖЬІЛ

Естідік құлады деп патша тақтан,

Жаныштап еңбекші елді зар жылатқан,

Кешегі он алтыншы жыл дүрбелеңде,

Қазақты қырып-жойып, қан қақсатқан.

Қан сорған қара құстай бай мен болыс,

Есітіп бұл хабарды бебеу қаққан.

Кедей сорлы қуанып шүйіншілеп,

Көкшолақпен далаңдап тұра шапқан.

«Бостандық», «теңдік» елге болады деп,

Қилы хабар кеп жатыр шар тараптан.

«Патшасыз ел болмайды, сенбеңдер» -деп,

Әлі де болыс пен бай сөз таратқан.

Жыландай жалаңдаған қожа, молда,

«Жақсылық болмақ, – дейді – хұрияттан»

Жиналған хұриятқа кім екен деп,

Күтеді ел хабарды қала жақтан.

Құрыпты Алматыда «хұриятын»,

Бұрынғы болыс пен би, бай, манаптан.

Естиміз Тоқаш Бокин большевик боп,

Соларға қарсы сөйлеп кінә таққан.

Хұрияттан суыды елдің көңлі,

Кұралған озбырлар мен алаяқтан,

Соңына большевиктің ел ілесті,

Жүрекке бостандықтың отын жаққан.

Азаттық әділ жолын түсіндіріп,

Өкілдер келіп жатты үгіт айтқан.

Жеңгені Октябрьдің елге жетті,

Кедейді қуандырған, жадыратқан.

Көкейіне Лениннің аты орнады,

Теңдік пен бостандықтың шамын жаққан.

1918