ҚАЙРАН ТАЙЫР
Халқымның ардагері Тайырым-ай,
Кәрі-жас күңіренді, қайғырып-ай!
Қамықты қатарласың, қалың жұртым,
Аяулы жампозынан айрылып-ай!
Кім ұмытар ақ пейіліңді аңқылдаған,
Кім ұмытар, ақ жүзіңді жарқылдаған.
Ән шырқап, шығарманы оқығанда
Дауысың ақ сұңқардай саңқылдаған.
Ел-жұртың ескіртпейді еңбегіңді,
Ұрпақтар ұмытпайды үлгі, өрнегіңді.
Орнымнан үш ұмтылып тұра алмадым,
Газеттен бір-ақ көріп өлгеніңді.
Емес пе ең асыл сөзді алқасы бар,
Ер едің еңбегіңмен алға шығар.
Топ жарған той-думанда дүлдүлдейін,
Аршынды азамат ең, арқасы бар.
Қақ жарып, Каспий менен Қара теңіз,
Поезда әнге шырқап, күнде екеуміз.
Айрылмас дос боп едік, қайран Тайыр,
Жүріп ек сол бір күндер жандай егіз.
Бәрі де өте шықты бұрылмастан,
Ақ жаның көктемдегі тұнық аспан.
Халқыңның махаббаты жасай бермек,
Өзіңе ешқашан да суымастан.
1965