СӘРСЕБАЙ МЕН БИҚА СҰЛУ
Сәрсебай, Биқа ғашық боп,
Қосылғанша асық боп,
Кішкенеден бірге өсіп,
Напағасы несіп боп.
Екеуі де тең өскен,
Құлын-тайдай тел ескен.
Сайдан теріп бүлдірген,
Қырда ойнаған шекем тас,
Бір-бірін көрмей тұра алмас.
Жырадан қарап жұмыртқа,
Асық ойнап ымыртта,
Даладан қуып көбелек,
Бірін-бірі жебелеп,
Алтыбақан тебіскен.
Не істесе келіскен.
Екеуі де ақылды,
Хабары бар әр істен.
Ойласып ақыл табады,
Ас-тамағын бөле ішкен.
Жүрістері жарасқан,
Жанның бәрі қарасқан.
Керіскенін көрмейміз,
Аулақ, жанжал-таластан.
Сәрсебайдың атасы,
Шаруа, кедей Билібай,
Шешесі де асыл зат,
Берекелі қолы май.
Туған жері қазіргі,
Мәтібұлақ өзені.
Келе жатыр бір-бірден,
Айтар сөздің кезегі.
Тыңдасаңдар, әлеумет,
Биқа қызға келелі.
Туған жері Қарасай,
Бір ауылдың арасы-ай.
Қыз әкесі Талысбай,
Озған талай жарыста-ай.
Айрандық қой, мінер ат,
Ары бар адам намысқа-ай.
Қара тілді атанған,
Қалмаған кісі қатардан.
Анасы сұлу ақ-жарқын,
Өзендегі қамыстай.
Биқа соның қызы еді,
Көлге жүзген аққудай.
Талысбай мен Билібай
Ниеттері бір ыңғай.
Қыста, жазда ауылдас,
Іргелері айрылмас.
Қыз ағасы Сәлімбай,
Өткір жігіт жалындай.
Өзі сері, көкпаршыл,
Талай салған салымды-ай.
Озып келіп бәйгеден,
Алған еді алымды-ай.
Сәрсебай мен Сәлімбай,
Көретін еді жанындай.
Қарындас барын біледі,
Пікірлесіп жүреді.
Сәрсебайдың Биқаға
Жасынан берген серті бар.
Екеуінің ішінде,
Өшпейтіндей өрті бар.
Анасымен ақылдас,
Екі жасқа ықылас.
Сәрсебай да аққұба,
Көзге түсер жарқын жас.
Ит жүгіртіп, құс салып,
Тамашамен ер жетті.
Келбетті болды өнерпаз,
Айтқаны өлең қысы, жаз.
Әзілдесіп жүреді,
Биқа қызға айтып наз.
Биқа да мың бұралып,
Қарақат көзі нұрланып.
Боты, Сәті аулына,
Сұлу қыз аты жайылған.
Он бестерге кеп қалды,
Көрген жігіт көз салды.
Маңдайы кере қарыстай,
Кетпейді ешкім таныспай,
Қара қасты, тана көз,
Қандай жанға болар кез?!
Сүйір саусақ, ұзын шаш,
Бетінде қалы, қалам қас.
Қалжыңдасқан боз бала,
Сөзіне уәж таба алмас.
Күлкісі күміс сыңғырлап,
Бұлақтай дауыс сылдырап,
Жүргені әсем сылаңдай,
Мінезі майдай ерітіп,
Тіл тетігі сылаудай.
Ақбозша, қыр мұрынды,
Ілінер қандай қыранға-ай?!
Тал шыбықтай бұралып,
Жігіт біткенді құмар қып,
Айттырушы қаптады.
Талысбай ауылы сүйкімді,
Күндіз-түні ән-күйлі,
Ат арытып алыстан,
Жақсы қыз деген дабыстан,
Қалың малын атасып,
Көлденеңнен жабысқан.
Сөз салушы көбейді,
Ағайын, жақын, алыстан.
Қыздың соры қалың мал.
Тоқалдыққа алмақшы,
Тоқсандағы надан шал.
Биқада әркім ойы бар,
Қолға түссе тойы бар.
Келімбай келді керіліп,
Бес мың жылқы, жүз түйе,
Он екі мың қойы бар.
Әкесімен Биқаның
Уәде қылған жайы бар.
Арадағы қуларға
Ат, түйе, шапан тағы бар.
Талысбайды бай қылмақ,
Төрт түлігін сай қылмақ.
Қыз шешесі қызғыштай:
– Мал құрсын! – деп зар жылап.
Жеңгелері Биқаның
«Байға бар» – деп сыбырлап.
Малға құмар надандар,
Ағайындар жыбырлап,
Қырғыздар да қырындап,
Жігіттері ұрындап,
Манаптар мен байлар да
Таппады бір тынымдап.
Қаладан келді сарт, ноғай,
Болмады Биқа оп-оңай.
Ағасы батыр Сәлімбай,
Деді: – Бәрің жүр былай!..
Қарсы шықты әкеге,
Болысты қыз бен шешеге.
Көпшілік мият табылды.
Күндіз-түні басылды,
Талысбайға жабылды.
От басынан аса алмай,
Басы қатып Талысбай,
Қалың малдан қағылды.
Бетінен Биқа қайтпады,
Барарын кімге айтпады.
Сәрсебайға берген сөз
Жүрегінде сақтады.
Махаббат жайды білмеген,
Түсінбейді ойнап-күлмеген.
Өмірді босқа өткізер,
Басына мұндай келмеген.
Бір Биқаның жолында,
Ел менен ел қағысты.
Бірақ, Биқа, Сәрсебай
Бір-бірімен табысты.
Алам деген байлар да
Жай-жайына қалысты.
1965