СЕКСЕН

Атақты сексен, келдін, бе,

Алайын деп сырымды.

Сезікті сексен, келдің бе,

Табайын деп мінімді,

Сүйкімсіз сексен, келдің бе,

Қатырғалы буынды.

Айналдырмай аулақ жүр,

Көрсетпеймін шенімді.

Тұсауым жоқ аяқта,

Сүйенгем жоқ таяққа.

Сыр алдырман сексенге,

Тоқсан, жүзің қай жақта?

Кіндік кескен, кір жуып,

Мәтібұлақ жартасты,

Қозы жайған, қой баққан,

Өскен жерлер алғашқы,

Жүрген өлкем Сұлутөр,

Қордай, Жайсаң, Қоңырбел,

Тұрған жерім «Кировты»,

Шалқыған өлкем Жетісу,

Жүрген жерім думан ду,

Салқын сая көк торғын,

Мөлдір бұлақ, орман ну,

Аралаған Алатау,

Қазақ, қырғыз тамаша-ау!

Алтай, Арқа, Көкшетау,

Айналасы бақша-бау,

Кенді көне Қаратау,

Кеннің қоры ана тау,

Орал, Орда, Маңғыстау.

Барған жерім ән шырқау,

Тоғыз бардым Мәскеуге.

Елдің тойын бастауға.

Бардым бірде Кавказға,

Алып Жамбыл қарт барда,

Ұлы Отанның көп жерін

Өнеріммен көргенмін.

Ел алғысын көп алып,

Ел уызын емгенмін…

Тай үйреттім тепсеңге,

Келді Кенен сексенге.

Екі Кенен тумайды

Алатауға ексеңде.

1964