СОЛ ЖЫЛЫ
Ұранын Ұлы Октябрь ұққан жылы,
Жарқ етіп нұрлы күннің шыққан жылы.
Ленин еңбекші елдің алдын бастап,
Жеңіс ту өз қолымен тұтқан жылы.
Езген кім, езілген кім зерттеліп,
Би-болыс бөденедей бұққан жылы.
Көпшілік көзге түртіп бай, манапты.
Жегенін желкесінен сыққан жылы,
Қан сорған ғасыр бойы жауыздарды,
Жазалап абақтыға тыққан жылы.
Арасын қас пен достың білген жылы,
Теңдік ап, ер-әйелдер жүрген жылы.
Кедейлер жер мен суға ие болып,
Алғашқы боразданы тілген жылы.
Атаның арманда өткен кегін алып,
Жауыздың желкесіне мінген жылы.
Патша, бай күл-талқан боп тақтан түсіп,
Өзінің көріне өзі енген жылы.
Ала аяқ алаш орда, бандыларды
Талқандап қызыл әскер жеңген жылы.
Көп ұлт дос болысып, қол ұстасып,
Артынан Лениннің ерген жылы.
Құтылып күң менен құл тар бұғаудан
Алғашқы жарық сәуле көрген жылы.
Көзбен көріп қолымен орнатысқан,
Қуанып елмен бірге күлген жылы.
Азырақ өлең жаздым еске түсіп,
Отанның оқысын деп, қыз бен ұлы.
Орнасын жер жүзіне осы бақыт
Тігілсін орақ, балға, жеңіс туы.
1975