ТАМАША-АЙ!

Алматы астанамыз асқан қала,

Асыл нұр айналаға шашқан қала.

Жарқырап түнгі шамы нұрландырған,

Гүлденген колхоз, совхоз, тау мен дала.

 Халқында Ұлы Отан сән-салтанат,

Самолет күн-түн ұшты сағат санап.

Бастаған партияның нұсқауымен,

Ұл-қызым ғарышта жүр айды аралап.

Пароход дария, өзен, көлдің көркі,

Поездар, машиналар жолдың көркі.

Кен байлық, егін байлық, алуан жеміс,

Ұшқан құс, жүгірген аң жердің көркі.

Бақытты ел жазғы гүлдей жайнағанда,

Жарқылдап қыз, бозбала ойнағанда.

Жазушы, ақын, әнші, биші, күйші,

Халықтың  мейірі  қанар сайрағанда.

Он бесте ән шырқатып той бастадым,

Отызда жүйрік аттай ойқастадым.

Жетпіс жас, сексен, тоқсан әндеріне,

Ең соңғы әкеп қостым «Жүз жас» әнін.

Халықтың көп татқанмын дәм мен тұзын,

Басылды кітап болып жыр мен әнім.

Әділет, шындық заман арқасында,

Аралап ән-жырым жүр жердің жүзін.

Кеп тұрмын аз жас емес тоқсан бірге,

Атанып аққу ата жүздім көлде.

Алғыспен қош айтысар мезгіл жетті,

Ұлы Отан, он алты одақ ардақты елге.

Айтатын тілегім сол, сөзім барда,

Тыңдайтын құлақ, көрер көзім барда.

Кетейін мейірім қанып, риза болып,

Шырқаңдар бұл әнімді өзім барда.

1976