ТАУДЫҢ СУЫ ТАСҚЫНДАП

Тау басынан тас бұлақ

Тасып ақты атқылап,

Күрілдеген кезінен

Күмістей су тасқындап,

Топ ойнаған баладай

Санын ұрып шапқылап,

Кенересі кемімей,

Гауһар сулар тамшылап,

Жағалауы көк толқын,

Түрлі гүлдер албырап,

Жұпар исі аңқыған

Миуасы маужырап,

Сәукелелі сұлудай,

Сәнді өсімдік салбырап,

Қызғалдағы қыздарша,

Екі беті албырап,

Кішіпейіл адамдай,

Басын изеп жалбырап,

Сай мен сала қосылып,

Тойға жүрді жосылып,

Күжілдесіп күлесің.

Шапшаң тойға жүр дейсің.

Сеңгер тастан секіріп,

Көкке шапшып көпіріп,

Сай аузына шыққанда

Сарқырады шешіліп,

Сақ-сақ күліп сылқылдап.

Билегендей былқылдап;

Қарсы алып бұлбұлды,

Мың түрлі әнмен тұр шырқап.

Көкте жұлдыз жыбырлап,

Жерде адам қыбырлап,

Айдың жүзі ашылып,

Күннің нұры шашылып,

Жер рақат жай тапты.

Таңға ғашық ақының

Осыны да байқапты.

1965