ТӨРТ БАТЫР
Қыран құстың шабыты
Қысты күнде келеді.
Тебіреніп тепкенде,
Тасты екіге бөледі.
Томағасын тартқанда,
Шырқап ұшар аспанға.
Қара қабан қалтылдар,
Қарға, құзғын қаңқылдар,
Кіреріне көр таппай,
Жапалақ сасып жалпылдар,
Жазықсыз құстар қуанып,
Әнге шырқап саңқылдар.
Дұшпанын қырып тояттап,
Ақ сұңқар көкте шаңқылдар.
Топшысын қиып жауының,
Тұйғын көкте жарқылдар.
Сол мисалды қызыл ер,
Қырды жауды біздің ел.
Қысты күнгі қырандай,
Шілдей тозды дұшпандар,
Табан тіреп тұра алмай.
Елдің салған дәм-тұзын,
Сағынып жүріп жеген соң,
Жылы киім киген соң,
Жел жетпес жүйрік мінген соң,
Белге қылыш ілген соң,
Шабыттанды біздің ер.
Анталаған жауларды,
Қырып салды қызыл ер,
Атамыз батыр қазақтан,
Сойыл-шоқпар қолға алып,
Қасқалдақ атқан садақтан.
Әбдіров, батыр Мәлігім,
Шығарды ата тарихын,
Елге батыр атанды,
Көрсетіп көзге қаруын,
Момышұлы Бауыржан,
Отанға ұран шақырған,
Майданда ерлер табылған.
Тоқтарұлы Төлеген,
Қырандарым көреген.
Жер шарына жайылды,
Жауға істеген ерлігің.
Отан үшін, ел үшін,
Жауды соқты төбеден,
Отанға шын берілген,
Дұшпандарды қиратқан,
Жаудың туын құлатқан.
Найзамен көзін түйреген,
Тақымға салып сүйреген.
Төрт батыр жүрген майданда,
Қурайдай дұшпан күйреген.
Панфилов жолдас бастаған,
Жиырма сегіз батырым,
Жолыменен солардың,
Біреуің мыңға татыдың.
Төрт батырым қосылып,
Жау қарасын батырдың!
1942