ЫСТЫ АҒАЙЫНҒА
Қадірлес қатар жатқан ысты ағайын,
Ынтымақ, берекесі күшті ағайын,
Құрметті көп көріп ем, ардақты елім,
Мен-дағы тойға кел деп еске алайын.
Бөлтірік тілге шешен жеңілмеген,
Өткен ақын онымен теңелмеген.
Атанып бала жастан дүлдүл ақын,
Сүрініп тілге келсе, бөгелмеген.
Таз, Құланшы, атасы Есім – Малай,
Атақты адам өткен талай-талай.
Қайсыбірін айтайын өткендердің,
Тойға өзің келе гөр, Шәйім ағай!
Ел едік қатар жатқан Ысты, Дулат,
Төскейде мал, төсекте аунап-қунап.
Есіме алып ертерек шақырмасам,
Кетірерсің мазамды бәрің шулап.