ЖАҚСЫБАЙ ҚАЙТЫС БОЛҒАНДА
Бір жүруші ең бір жылғы туған төлдей,
Тым болмаса қалдым-ау, жүзін көрмей!
Тойған қозы секілді қайран бауырым,
Жүрген жерің береке, шалқар көлдей.
Ат арықтап, тон тозар мезгіл емес,
Қадырқанға[1] не болды, хабар бермей?!
Топырақ сала алмадым сабазыма,
Есіткенде жыладым көзімді ілмей.
Білетұғын кісі еді Қазақстан,
Хабарламай көміпті асығыстан,
Сәтенкүлге[2] айтамын, достық көңіл,
Қордайдағы құрбысы мен алыстан.
Айрылыпсың ардақты жолдасымнан,
Қайырлы болсын арты, сұңқар ұшқан.
Аты қалды тарихта, арманы жоқ,
Құтылмаған ажалдан Қорқыт қашқан.
1958
[1] Жақсыбайдың інісі
[2] Жақсыбай ақынның әйелі.