ЖАҚСЫЛЫҚ ПЕН ЖАМАНДЫҚ

Өмірде өткен істі таныстырдым,

Жақсылық, жамандықты салыстырдым.

Өзіме қастық қылған адамдарға,

Қиянат көрсетпей-ақ қалыс жүрдім.

Ешкімнің ала жібін аттағам жоқ,

Ешкімге кек пен өкпе сақтағам жоқ.

Қолымнан келсе-дағы кек алуға,

Үкімет пен халқыма даттағам жоқ.

Жамандық қиянатқа басқаным жоқ,

 Сырымды қасекіге ашқаным жоқ.

Қорғағаным қоғамның мүлкі болды,

Бір малын ұрлап-жырлап қашқаным жоқ.

Колхоздың ат, айғырын мінгенім жоқ,

Қой тұрмақ, ылағына тигенім жоқ.

Білмеймін адалдық па, арамдық па,

Қулықтың шенейінен жүргенім жоқ.

Өз атым – өз домбырам қолыма алып,

Аралап жүре бердім ақыны боп.

Қала менен даланы араладым,

Шопанның алдым мен де жақыны боп.

Қоғамның қол сұғып жүр байлығына,

Біреулер місе қылмай айлығына.

Мен болсам кәсібіме қылдым қанет,

Бір жолдан бір жол іздеп болмай әлек.

Жолына әншілік пен ақындықтың,

Ниетім соған ауды, менің ерен.

Табиғат талабыма шабыт беріп,

Ән-жырға құмар қылып қойса керек.

Жақсымды, жаманымды саусақтасам,

Тексеріп түк қалдырмай, бармақтасам,

Шүкірлік, жақсы жағым басым екен,

Тартқандай таразыға сараптасам.

Үйінде ақсақалдың алпыс шапан,

 Боқтасып ылас болған қарғыс шапан.

Теңінде тілемсектік тегін шапан,

Ешкімге жібермейін кегін шапан.

Үйінде молдалардың сексен шапан,

Ар-ұят абиыры кеткен шапан.

Нысапсыздар қолында талақай боп,

Мұң-зары талай елге жеткен шапан.

Әйтеуір, осындайдан сақ болыппын,

Жақсылықтың жолына тап болыппын.

1955