ЖАМБЫЛ ҚАШАН КЕЛЕР ЕКЕН

 

Беремін Жамбыл ата, ыстық сәлем,

Біледі даңқыңды күллі әлем.

Сағындым сақ-сақ күлген күлкіңізді,

Елің мен күтіп отыр інің Кенен.

Мәскеуден қашан келер жаным атам,

 Қасыңа арқаң сипап қашан жатам.

 Өзіңнің май айдағы тойыңнан соң,

Ауырып келе алмады Кенен ботаң.

Орденің құтты болсын, Жамбыл ата,

Ән, жырдың тұлпарындай даңғыл ата.

Халқыңның құрметімен гүл-гүл жайнап,

Жырыңыз бағаланды, асыл ата.

Мен жүрмін, Жамбыл ата, жолың тосып,

Күн сайын, сағат сайын әнге қосып.

Қалың ел Қазақстан қарсы алып тұр

 Есен-сау келсе екен ата десіп.

Жүзіңді газеттегі көргенімде,

Калинин сізге жақын келгенінде,

Қуанып бүкіл халық «Жамбыл» деді,

Жағаңа орден тағып бергенінде.

Қарт ата, қадірлі ата, дүлдүл ата,

Сайраған бағымызда бұлбұл ата.

Бір ғасыр, неше дәуір басыңыздан

                Өткізіп көрдің талай үлгіні, ата.

 1938