ЖЕТІ ҚОЙДЫ ЖОҚТАҒАНЫМ
Алдымнан даяшылар келді шауып,
Толықсып аттарының баурына ауып.
Құрметтеп тойшыларды алып кетті,
Мен қалдым қыр басында есім ауып.
Тыпырлап жұлқынады Көкшолағым,
Тартамын тізгінімді «тәк, шолағым»,
Қарасам күн батысқа көзім салып,
Қаптаған қалың халық жоғар жағым.
Естігем Қордайдағы ел келеді деп,
Адамы өркөкірек, ер келеді деп.
Мүлкаман, Қонай[1] жақтан келгендері,
Жылқы ұрлап, қойды түнде өңгереді деп.
Айтатын осылай деп шалдарымыз,
Кетті деп талай-талай малдарымыз.
Сол түні жеті қойды ұры алды деп.
Отырды ауылдастар қылып аңыз.
Қырғидай торғай қуған қырда тұрдым,
Шулаған қалың елге мойын бұрдым.
Жоғалған жеті қойды жоқтаймын деп,
Тәуекел талап етіп жоба құрдым.
Сол елге келе жатқан мойын бұрдым,
Осындай айтайын деп талап қылдым.
Шідерлеп Көкшолақты тұсай салып,
Жорғасын Омарқожа ұрлап міндім.
Қалың ел келе жатыр бәрі шулап.
Күлісіп қыз-бозбала бәрі дулап.
Жорғаға күміс жабдық мінгеннен соң,
Жүрегім, көңілім өсіп кетті тулап.
Алдына қалың көптің келдім жетіп,
Жорғаның қарқынымен екпіндетіп.
Өзімді күлкі қылды атты танып,
Кигенім шоқпыт тон мен киіз етік.
Ойлады даяшы деп келген шақта,
Түрімді күдер үзді көрген шақта.
Тоқталмастан жар салып қоя бердім,
Шетінен қалың топтық кірген шақта.
Кебекбайдың[2] елінен
Мәтібұлақ жерінен,
Бас құдықтың басынан,
Бүргенді сайдың қасынан
Жеті қойды ұры алды.
Ұры алмаса кім алды?
Мүлкаман мен Қонайдың,
Ұрысының бірі алды.
Өлі алған жоқ, тірі алды,
Жетеуі де құнан қой,
Үлкендігі құландай.
Жетеуін бірдей алған соң,
Иесі зарлап жылады-ай,
Жеті бірдей жануар,
Жетеуінің мұрнында,
Орай тартқан таңба бар.
Аяғымен жүр десең,
Жеті теңге аласың,
Сүйіншісін бер десең,
Кебекбайдың баласы,
Нұрбек биге барасың,
Он төрт сом санап аласың,
Жеңіл-желпі тұғырдан,
Бір ат мініп қаласың.
Жоғалмаса жеті қой,
Бір атты қайдан аласың!
Көріп-біліп айтқаның,
Қорасанға қолың соз.
Көріп тұрып айтпасаң,
Қырғи қуған шілдей тоз.
Мүлкаман, қылдың ұрлықты,
Қарның ашып бұрлықты,
Шаруа малын түнде ұрлап,
Мойныңа салдың құрықты.
Көргендерге барымта,
Көрмегенге сырымта,
Көрнеу қылдың зорлықты.
* * *
Төрт кісі мінген сайлап қасқа арғымақ,
Бөлініп сол бір топтан келеді аулақ.
Жаңағы менің айтқан жоқтауларым,
Тиіпті құлағына оқтай заулап.
Аттарын төртеуі де тұмарлаған,
Мен айтқан сөзге шыдап тұра алмаған.
Ішінде шұбар бетті бір шоң желке,
Тіл қатты – ұр! деп мені, ұрандаған.
Ат мойнын қорыққанымнан бұрып алдым,
Боларын бір сұмдықтың біліп алдым.
Жабылып қамшыменен ұрған шақта,
Басымды жаман тонға тығып алдым.
Жабылып бозбалалар ұрып келеді,
Мазақ қып қыз-келіншек күліп келеді.
Мастанған дәулетіне надан жігіт,
Жыққалы етегімнен түріп келеді.
Жер жарған Мүлкаманның аруағы бар,
Ішінде тентек, озбыр, аңғалы бар.
Еркесі Есқарамен Мамай, Тәкен, Әсіреп,
Шаңбай деген палуаны бар.
Қасқа атқа мінген кісі Тәкен деген,
Сал екен ат-тұрманын әсемдеген.
Қарасам бас көтеріп жан-жағыма,
Бір топ шал отыр екен әкемменен.
Желіккен бозбалалар ұрып кетті,
Аударып етегімнен түріп кетті.
Бұтаға қорғалаған торғайдай боп,
Қойнына шал әкемнің кіріп кеттім.
Мырзалар тойға келген тамақ ішті,
Той асын тәбәрікке балап ішті.
Айыпқа Көкшолақты алам дейді,
Сөйлесе дір-дір етіп зәрем ұшты.
Күрілдеп бәрі шықты қыр басына,
Жақсылық қашан болар бір басыма?
Ыза боп әкем байғұс шыдай алмай,
Еңкілдеп булығады көз жасына.
«Таң ертең, жалғыз балам, қойға кеттің,
Қалайша қойды тастап тойға кеттің.
Ол қойды қасқыр қырып жатыр-ау» деп,
Қалтырап әкем байғұс ойға кетті.
Құшақтап әкем сорлы көп жылайды,
Қойды ойлап, уайым жеп жылайды.
«Таяқ жеп көрінгеннен тек жүрмейсің,
Жынданды осы балам деп жылайды.
Еркебай[3], жыламашы ағай дейді,
Мен-дағы көргем қорлық талай дейді.
Жасымда жетім қалып ата-анамнан,
Болғанмын талай жылдай малай дейді.
Көзіңді көл қылмашы, шалым, – деді,
Болып тұр сіздің жайың мәлім деді.
Көзіңді жас күшіктей бір ашармын,
Ажалдан аман болса жаным деді.
Қуантып қуат сөзді айтып кетті,
Той тарап, жиылған жұрт тарап кетті.
Қыдырып үй арасын жүре бердім,
Сонымен екі арада үш жыл өтті.
Жаямын бірде қозы, бірде қойды,
Іздеймін шілдехана күнде тойды.
Болғанмен киім жаман, әнім тәуір,
Баламын жас өспірім, ұзын бойлы.
1898 – 1961
[1] Ру аттары
[2] Кебекбай – Кенен Әзірбаевтың арғы аталарынан шыққан, ел арасында ісіне аралсқан шешен. Кебекбайдың әділдігі туралы ел аузында аңыз сақталған.
[3] Еркебай Базаров – жасында жетім қалып, кейіннен орысша білім алған адам. Кенен Әзірбаевты қасына ертіп, ел аралатып, оның өлеңі мен әнінің халыққа таралуына көмектескен азамат.