Кенен:
Мінгенім астымдағы қызыл шолақ,
Қыз байғұс әкесіне аз күн қонақ.
Әй, қыздар, кедейсінбей өлеңіңді айт,
Тұсыңа келіп қалдым «құдашалап».
Шәлипа:
Бағып жүрген ешкіңнің бәрі жағал,
Әріптесім сен болсаң, әдіре қал.
Әдіре қал дегенге арсаңдамай,
Жел жағымды мүңкітпей әрі жоғал.
Кенен:
Мен өзім Алатаудың ителгісі,
Қойшының қызға жақын икемдісі.
Кедейсің деп кемітпе, байдың қызы,
Келіп отыр қүрбыңның сүйкенгісі.
Ш ә л и п а:
Қөкала үйрек ұшады көл дегенде,
Ешкі емеді қойшылар шөлдегенде.
Сүт сауам деп кеудеңнің бәрі сірне,
Қойың бақпай, ой, сорлы-ау, нең бар менде!
Кенен:
Қызы едің сен бір байдың өтпей жүрген,
Жиырма беске келгенше кетпей жүрген.
Көрмегендей мақтанба, байдың қызы,
Мен қойшы сендей қызды ептей жүрген.
Ш ә л и п а:
Рас, бізге бозбалалар болады ашық,
Ашық жайын біле ме қойшы пасық.
Сары майдан дәметкен кеудең құрсын,
Жел жағымда жүрмеші теке сасын.
Кенен:
Сендей адам емес пе қойшы деген,
Жол үстінде жолықтым тойшыменен.
Көрмегендей мақтанба, байдың қызы,
Жолың болмас сырласпай қойшыменен.
Шә л и па:
Сенің атаң, ей, Кенен жалаңаяқ,
Құртқан екен құдайым аямай-ақ.
Әкең байғұс ұстап жұр қазан-аяқ,
Қойды жөндеп бақсаңшы сандалмай-ақ.
К е н е н:
Сенің атаң, Шәлипа, Байбалақ-ты.
Жиырма беске келгенше бақты-қақты.
Төсіңдегі томпиған екі емшекті
Мендей қойшы мыжғылап аймалапты.
Шәлипа:
Өйт-бүйтпесем, ей, байғұс, өйт-бүйтпесем,
Қу шекпенді құржитып отқа үйтпесем.
Жапалақша жарбаңдап қалмай қойдың,
Итаяққа ас құйып «көйіт, көйіт», десем.
Кенен:
Шәлипа, сен олай деп кесірленбе,
Жүйрік аттай замғаймын көсілгенде.
Адамды итке теңеп шақыратын,
Шешең ит қып өзіңді өсірген бе?1…
1898—1900
1 Осы арада тойға бірге келе жаткан шешесі әдепсіз өлең
айтқан қызына ұрсып, айтысты тоқтатып, Кененге орамал бергізген.