Сен барсаң, Жәкең кейде құрыстайтын,

Ондайда келмедің ден ұрыспайтын.

«Қонақтар асығыс»! деп, шай қамдатып,

«Жолыңнан қалмағанды» дұрыстайтын.

Бір жылы жаз жайлауы – төске бардым.

Жәкеңе сәлем бере түсте бардым.

Бұл жолы көңілі бір көл-дария,

Жолы сол қозы жейтін қонақтардың.

Себебін кейін білсек, түс көріпті,

Түсінде таңғажайып іс керіпті.

Ақынның өз аузымен айтуынша,

Көрген түс бір ғаламат күш беріпті.

Ж а м б ы л:

Түсімде күн қоныпты жерге дейді,

Жалыны жан шыдатпай елге дейді.

Жиналып жер жүзінің адамдары

Күнді қолмен ұстауға келген дейді.

Ұқпаған жан-жануар шуылдап жүр,

Аспанда құс қанаты суылдап жүр.

Шыдамай күн лебіне, жан сауғалап,

Айдаһар көл-теңізден су ұрлап жүр.

Халық жүр ұстаймыз деп күнді айналып,

Құжынап құмырсқадай айқай салып,

Үйіме жапқан үзік қап-қара еді,

Жүгірдім сол үзікті жүлып алып.

Құшақтап үзігімді мен де айқайлап,

Қалың жұрт маған қарап тұрды абайлап.

Бас салдым бардьш-дағы жалын күнді,

Ақырып бар дауысыммен Қарасайлап.

Ұстаған ұлы күнді үзікпенен,

Бола ма бұдан артық қызық деген!?

Жүгірдім үйге қарай көтеріп ап,

Балқыды қорғасындай қызып денем.

Таңырқап тұрған халық ерлігіме,

Бастады өз үйіме енді кіре!..

Төріме күнді әкеліп орнатып ем,

Ай қонды жайып қойған терлігіме.

Сондықтан күнге талас кеше кеште

Құдайы ажал жетті ақ серкешке.

Ет жеген шал-кемпірлер айта кетті,

«Жақсылық бар екен деп ерте, кеш пе».

Біз айттық ақындық деп сүтпен біткен,

Әншейін түс емес деп өткен-кеткен,

Бар дедік ғылымда да түске кірмек

Арманың, аңсағаның көптен куткен.