Желдірмесі Жамбылдың,

Жел соққандай таң қылдың,

Екіленіп екпіндеп,

Қарасақал желпілдеп,

Тізелері селкілдеп,

Желген   аттай   дүрсілдеп,

Жел маядай бүлкілдеп,

Жермен бірге зіркілдеп,

Келіп жатқан секілді.

Ахау шіркін, шіркін! деп,

Таңдайына тамғандай,

Жыр тізбегі біртіндеп.

Жалғыз әні желдірме

Жақсы болсаң – батыл деп,

Қорқақ болсаң, сатыл деп,

Қожаңдаған күштіге

Қорғасындай атыл деп,

Сорғалаған қырандай;

Бөктердегі бөріге

Төне жатқан секілді.

Аяғының астында

Төре жатқан секілді,

Алынбаған алдында

Төбе жатқан секілді,

Асқар-асқар тауларда

Шыңдар жатқан секілді,

Айтылатын халыққа

Шындық жатқан секілді,

Желкесінен қиылар

Сұмдар жатқан секілді.

        

                        * * *

Жамбылдың бірге жүріп сырын алдым,

Үлгісін, өнегесін жиып алдым.

Болсақ та Шапырашты, Дулат екеу,

Ат қинап ауылымнан жиі бардым.

Бөлмеді сөзімізді екеуміздің,

Бізде жоқ, өзгеде бар күйі малдың.

Біз айтсақ, біздің сөзге ересіңіз,

Екеуміз ескі жырға төрешіміз,

Өнердің тұнығынан қалқып алып,

Екеуміз келешекке бересіміз.

Айтамыз соның бәрін өлеңдетіп,

Жалпыға Жамбылдатып, Кенендетіп,

Қатыгез, қаны суық байлардың да

Қоямыз құлақтарын елеңдетіп.

Күні-түн сол жүрістен байқағаным,

Қадірлеп балапандай шайқағаным.

Жамбылдың бір мінезі – мақтанбайды,

Бой тартып, сайысудан сақтанбайды.

Қажырлы қайратынан қайрақ істеп,

Үскірік борандатып, ақпандайды.

Әжуа, қалжыңға да қапелімде

Шап етіп шауып қалар қақпандай-ды.

Ағат сөз айтып қалса ағайынға,

Жұтынып жұрт алдында ақтанбайды.

Бір сөзден әділ айтқан танбайтұғын,

Өмірде адалдықты таңдайтұғын.

Жақпаған, жақтырмаған адамына

Сараңнан да сараң боп тамбайтұғын.

Тағы бір қасиеті тарихының:

Адамды алғаш сөзден танитұғын.

Көргенде жалбаңдағыш жағымпазды,

Қанжардай өткір тілді жанитұғын,

Қатты құрт, қара шайдан ниет қылса,

Қарық боп соған түгел жаритұғын.

Сенгіш еді досына, ауырғанда

Ем болып айтқан сөзің даритұғын,

Өмірден жазатайым опық жесе,

Бір күнде бір жылғыдай аритүғын.

Бала көп, бәрін сүйіп құшатұғын.

Жетімсіз тұрмыс шіркін қысатүғын.

Аңшының жақтырмайтын жата қалып,

Күнгейден күнәсі жоқ құс атуын…

Тапқанын көп балалар талапайлап,

Үлесіп алушы еді алақайлап.

Жәкеңді бүткіл Екей тәте дейтін,

Құрметпен ағайындар атын байлап.

Жамбылдан ұшан теңіз көргенім де…

Үйренген толып жатыр өрнегім де.

Қайсыбірін жазамын дарындының,

Менің миым жетпейді меңгеруде.

Жәкеңді жастайымнан төңіректеп,

Әйтеуір жүре бердім елпелектеп.

Сол Жәкең шығарғандай енді ойласам,

Өзімді өрден-өрге жетелеп кеп.

Көрген сайын Жәкеңді

Күліп қайттым жадырап,

Сүтке тойған қозыдай

Бөгіп қайттым маужырап.

Шежіредей таратып,

Елді аузына қаратып,

Көрұғлыны айтқанда

Көз ілмейтін таң атып.

Алпамысты толғаса,

Жұрттың көзін қадалтып,

Қатаған мен Сүйінбай

Айтысқанын заулатып,

Білмесе де-ақ бір әріп,

Жыр теңізін тулатып,

Қомдаушы еді қанатын.

Домбырада күйші еді,

Күйші атанбай, жыршы еді.

Көп білетін ескі сөз,

Түгесілмес сыршы еді.

Дарынды ақын дүр еді,

Атағы зор ер еді.

Ата тегін үш жүздің

Он саусақтай біледі.

Қырғыздардың атасын

Мүдірмей айтып береді.

Әңгімені шерткенде,

Табылып сөздің керегі,

Құмарыңа құятын

Адамның асыл қорегі.

Тарыққанға пайдалы

Тапқыр ойы бар еді.

Толқи топқа түскенде

Тайпалмаған пар еді;

Жолда жүгін қалдырмас

Жалғыз өркеш нар еді.

Жамбыл аты – жыр еді,

Аш-арықтың — ары еді.