БІЗ ЖЕҢЕМІЗ

Ленин салған жол еді,

Әлемге шашқан нұр жарық.

Сол жарықтың нұрымен,

Біз жетілдік жырғалып.

Ағыл-тегіл кенеліп,

Жатқан кезде ырғалып.

Аңдаусызда жау тиді,

Өкпе тұстан жынданып.

Ұл-қызым жауға аттанды,

Қаруланып, қырланып.

Тылда қалған еңбекші,

Біз де бейқам тұрмалық.

Таң сәріден кемпір-шал,

Жұмысқа шық жиналып.

Малды күтіп, өсіріп,

Астықты ерте жиналық.

Азық-түлік жағынан,

Әскерді мұқтаж қылмалық.

           * * *

Қазақстан халқының,

Айтайын мен қарқынын,

Бронды танкі жасауға,

Беріп жатыр бар пұлын.

Жауды жеңу ісіне,

Аяған жан жоқ артығын.

Отты, оқты бұл танкі,

Орады жаудың алқымын.

«Ақтерек» атты колхозым,

Жақсы өнеге бастады:

Танкі жасау ісіне,

Арнап берді барлығы,

Екі жүз алпыс мың сомды.

Ортасынан ақшаны,

Өнегелі іс бастап,

Шақырып отыр басқаңды.

Айнақұлов азамат,

Алты мың сом нақ берді.

Ардақты қарт Қалиман,

Төрт мың теңге әпкелді.

Жаңа танкі – жаңа күш,

Жау апшысын қуырар,

Өзі келіп ұрынған,

Өз қанына жуынар.

    * * *

Қаһарлы, батыр халықпыз,

Жеңімпаз күш бізде бар.

Аласұрған фашистің,

Мезгілі келді ойланар.

Жақындап келед ол күн де,

Жеңіс тойы тойланар,

Сталинград түбінде,

Өзіне жау ор қазар.

                * * *

Шүбә жоқ жауыз жауды біз жеңеміз,

Сазайын Гитлер иттің біз береміз.

Қан құйлы фашистерді күл-талқан қып,

Орнатып бейбітшілік гүлденеміз.

Біздерге жау тиісті ажал түрткен,

Қоймайды шындық жеңбей әділетпен,

Сонау бір өткен шақта Наполеон,

Жеңіліп Ресейден әрең кеткен.

Гитлерге керегі осы кебін еді,

Сазайы оның-дағы беріледі.

Жем болып ит пен құсқа өлімтігі,

Сүйегі қар астына көміледі.

    * * *

Қызыл ерлер жеңеді,

Гитлердей шошқаның.

Өлеріне көрініп,

Ұрынып соғыс ашқаны.

Қаһарлы қызыләскерім,

Жауды талқан қылады.

Түлен түрткен фашисті,

Бүйірден тиіп қырады.

Отан – қамал, қорғаймыз,

Жауды жеңбей қоймаймыз.

Жау жеріне ту тігіп,

Жеңіс тойын тойлаймыз.

1941—1945