ХАЛЫҚҚА СӘЛЕМ

Қыбырай, сәлем айтам Шойқараға,

Құлболды, Машақ пенен Есқожаға.

Ауырып алты жылдай жазылған соң,

Есіме, қайран елім, түстің жаңа.

Аралап сайраңдаған, салқын өлкем,

 «Керу» мен «Қарақоңыз» сай мен сала.

 Кімнің бар, кімнің жоғын біле алмадым,

 Сағындым, қатарласым, іні-аға.

Гүлденіп өсіп жатқан ұрпақтарым,

Бақытты жалпы сәлем, бала-шаға!

Еңбекпен ер атанған ер-әйелдер,

Жайнаған қызғалдақтай қыз, бозбала.

Жұлдыздай таңға жақын сиректеген

Дұғай сәлем айтамын кемпір-шалға.

Не киіп, не ішемін дегізбеген

Айтыңдар сансыз алғыс партияға.