КӨРМЕДЕ ТУҒАН ТОЛҒАУ

Бұрынғыдан төрт мақал

Төртеуі де серт мақал:

«Көз қараудан тоймайды».

«От жанудан тоймайды».

«Естуге құлақ тоймайды

«Ағудан бұлақ тоймайды

Тоймағаны бұлардың –

Бір терең сыр ойлайды.

Ойлағанға жете алмай –

Сол себепті тоймайды.

Өтірік қалып, шын болды.

Бақытты совет ел болды.

Тамшыдан тасып дария –

Көп түкіріп көл болды.

Таудан аққан бұлағым –

Телегей теңіз сел болды.

«Тасымыз өрге домалап», –

Тасыған дәулет мол болды.

Шөл даламыз – қала боп,

Тау-тастарым – кен болды.

Шұқыр жерім теңеліп,

Бетегелі бел болды.

Советтік жаңа заманда,

Жұртта қалған жұрыным

Домалап келіп қой болды.

Сайда қалған тулағым

Ойнақтап келіп тай болды,

Төрт түлігім сай болды.

Шырқағаным ән болды.

Шерткеніміз күй болды,

Мәдениетті үй болды,

Көргеніміз сый болды,

Экспресс заулаған –

Айлық жолым түс болды.

Алып қыран құс болды.

Жұпарым соққан жел болды.

Бағаналы тауым бар –

Басынан дұшпан өтпеген.

Шағалалы көлім бар –

Құс ұшып ылғи кетпеген.

Қанаты талып қарлығаш,

Шетіне шаршап жетпеген.

Шетсіз, шексіз күшім бар

Мақтанарлық ісім бар.

Марқабатты елім бар.

Шалқыған байтақ жерім бар.

Бес түлік асыл малым бар.

Есеп жетпес кенім бар,

Толқыған теңіз, көлім бар,

Адаспас ұлы жолым бар,

Көзім тойды көрмеге,

Көңілім тойды әрнеге.

Зар заманның тұсында

Мұндай қызық көрмеп ем.

Жер гүлденді елменен,

Мал көбейді төлменен.

Қызыл тілім қырқылар,

Бұл қызыққа желмеген.

Мұндай заман тарихта

Еш уақытта келмеген.

Балға дәулет ұстаға,

Етікшіге біз дәулет.

Үйшілерге тез дәулет,

Батырларға ел дәулет.

Ақындарға сөз дәулет,

Шешендерге тіл дәулет,

Күйшілерге күй дәулет,

Әншілерге үн дәулет,

Мәңгілік бақыт орнаған

Халыққа келді шын дәулет.

1939