ОН  АЛТЫНШЫ ЖЫЛ

Айтайын ауырлықты елге келген,

Жөн болмас ол бір кезді елемеген,

Қазақтар қарсы шауып «ақ патшаға»,

Қан ағып, ел қырылған жыл дүрбелең.

Жиналды би мен болыс Алматыға,

Қоршатты жұртты патша солдатына,

Жалаңаш қылыш ойнатып ел үстіне,

 Қорқытпақ қарайлатпай алды-артына.

Жарлық қып жандарал мен губернатор,

Ояз да өз әмірін беріп жатыр.

Мәлімдеп би, болысқа мөр бастырып,

Ер-азамат тізімін теріп жатыр.

Бас тартты қырғыз, қазақ көнбейміз деп,

Баламыз бір кеткен соң көрмейміз деп.

Билер менен болысты өлтіреміз,

Тірі боп баламызды бермейміз деп.

Жаратып бір-бір атты мініп алып,

Тақымға бір-бір шоқпар іліп алып,

Ат қойды бет-бетімен көп бұқара,

Азығын белбеуіне түйіп алып.

Қорқытып би, болысты айдап алып,

 Көндірді жүрмегенін байлап алып.

Қалың ел қан майданға буды белін,

Қолдағы жарақтарды сайлап алып.

Бұл істі ең алдымен Әли бастар,

Артынан ілеседі кілең жастар.

Ыстыдан бес жүз қолмен Мақсұт келді,

 Шуылдап көп бұқара бәрі қоштар.

Ат қойды Көлқамысқа үш мың кісі,

Патшаның солдаты екен тамның іші.

Мылтықпен қалың елге оқ жаудырды,

Ойсырап кейін қашты топтың күші.

Балқаштың қаштық үркіп тесігіне,

Айдаса кім бармайды несібіне.

Тігулі үй, қоралы мал босқа қалды,

Жолығып жауыздардың кесіріне.

Бастаған батырлардың бәрін қырды,

 Ұстатпай кейбіреуі қашып жүрді.

Сұм патша тоз-тоз қылып есіл елді,

Талай қыршын өмірді текке қиды.

Қарсы боп «ақ патшаға» Қанат шықты,

 Би, болысты дүрелеп сабап шықты.

Ақыры оны да ұстап патшашыл топ,

Істеді жан көрмеген зұлымдықты.

Халықты қырды аяусыз жауыз патша,

Бұл сөзім жалған емес алақашпа.

Қырық-отыз кедейді Көлқамыста,

 Аттырды таңып қойып бір ағашқа.

Қамады талай елді түрмесіне,

Қалған жұрты зар болды тілдесуге.

Ленин бір жылдан соң ұран тастап,

Шақырды жауға қарсы күресуге.

Басына «ақ патшаның» ажал төнді,

Большевик Николайды мәңгі жеңді.

Патша оққа байлаған ел бақытын

Өмірбақи құтқарды Ленин енді.

                1916 -1920