ШОПАН ТУРАЛЫ ЖЫР

Ойласам өткен өмір түседі еске,

Қорлықпен ғұмыр кешкен қойшы емес пе?

Жар кешіп, жалаң аяқ зыр жүгіріп,

Алушы ек әзер тыным бірақ кешке.

Кешегі кер заманда бәрін көрдік,

Би-бектің ащы тепкі зәрін көрдік.

Тау мен тасты жаңғыртып мұңдылардың,

Бозторғаймен үн қосқан зарын көрдік.

Бұл заманда қойшыда арман бар ма?

Өмірде орын қалған жоқ мұң мен зарға,

Бақ қонып, мерейлері үстем болған,

Еңбек сүйгіш, жаны адал адамдарға.

Бүгінгінің дәулетті шопандары.

Халық сүйген қаһарман отардағы.

Еңбегімен еселеп ел байлығын,

Ойлағаны бәрінің Отан қамы.

Айранның ішіп әрең саптаяғын,

Ашығып жүретұғын жоқ баяғың.

Жастар бүгін қастерлеп қадірлейді,

Шопанның қасиетті ақ таяғын.

Жүйткіген сәйгүлік ат мінгендері,

Шәйі мата, құндыз бөрік кигендері.

Абырой ап, даңқ құшып, құрмет тауып,

Атанды халқымыздың сүйген ері.

Ерлер көп еңбегімен жүлде алған

Еңбегі ел аузында ән-жыр болған.

Арығы – семіз, қойлары – егіз болып,

Үйі құтқа, қорасы малға толған.

Солардың бірі – атақты Жазылбегің.

Айта алман ол өсірген қойдың кебін.

Өңіріне қадады екі жұлдыз,

Бағалап туған Отан ер еңбегін.

Қалыспай Жазылбектен Ділдаш батыр,

Даңқы оның тамам жұртқа тарап жатыр,

Қиындыққа қайыспай қарсы тұрып,

Қатарына үлгі боп айтқан ақыл.

Осындай озаттардан асқан даңқы,

Жалғасқан жас ұрпаққа ерлік салты.

Екінші тың ерлерін марапаттап,

Құттықтап қол соғады совет халқы.

Қыс түссе шопан шабар кең көсіле,

Жеңістің жету үшін көмбесіне.

Аяздың аранына шығын қылып,

Сенеміз жалғыз тоқты бермесіне.

1964