«ТОҒЫЗ ҚОРЖЫН»

Тоғыз қоржын басталды,

Тоғыз кемпір бас салды.

Көрнеу алу тоқталды,

Көрінбейтін ақша алды.

Қызды көрнеу сатпайды,

Сатайын десе батпайды,

Көп жеп қалған құнпарлар

Күңіреніп жатпайды.

Құда болмақ адамның

Баласы-ай деп мақтайды.

Қыз құлағын үйір қып,

Киноға барса даттайды.

Кәде-сәде көбейді,

Мұнымыз ұят демейді.

Арақсыз болса дастарқан,

Жұтынып құда шөлдейді.

Ақ нан менен ақ майды

Кесірленіп жемейді,

Қырық кісіден кем келмейді.

Қырық шапан, қырық көйлек,

Мұны бұйым демейді.

Ауызға арақ тигенде-ақ,

Ұрыс-жанжал көбейді.

Ескі әдетті жасайды,

Құйрық-бауыр асайды.

Құдаларды сүйрейді,

Шыны, шәйнек күйрейді.

Желім қылып жегенін

Құдағилар илейді.

Таң атқанша тартысып,

Көз шырымын ілмейді.

Киіт киіп қайтқандар

Мақтаныш қып гулейді.

1960