ТӨРТ КЕЗЕҢ

Еркекті біріншіден бала дейді.

Балалық әр нәрсеге шала дейді.

Жиырма – отыз жаста оттай шалқып,

Балалық содан әрі қалар дейді.

Асқан соң отыз жастан жігіт дейді,

Ол кезде жоқшылықты білдіртпейді.

Қырық пен елу жастың арасында.

Бөленіп ешнәрсеге ілікпейді.

Адамға келеді екен төрт-ақ дәуір,

Жастықта екпіндеген қайтпас дауыл.

Көңіліңе құрттай қорқу, қайғы келмес,

 Көтерер қандай тұрмыс келсе де ауыр.

Қырық жастан өткен соң қырық беске,

Жастықта өткен істер түседі еске.

Кісі деп «қара сақал» сонда айтады,

Қаласың қалжың сөзден есер-еспе.

Балалық, жігіттікпен өтер заулап,

Өмірдің опасы жоқ көңілін аулап.

От-жалын – күн шілдесі салқын тартып,

Елу жас қырындатар көптен аулақ.

Елуде інілерге шал атанып,

Риза боп елжірейсің сәлемдессе,

«Шал» аты жүз келсе де айрылмайды,

Шараң жоқ, қара жерге енді енбеске.

                      * * *

Әйелді біріншіден – қыз деп атар,

Қыз бала ер баламен жүрер қатар.

Бір кезде келіншек боп жаулық салып,

Бөтен жұрттық боп кетіп бір жылатар.

Арасы қыз-келіншек отыз жаста,

Өзгеріп өз-өзінен болар басқа.

«Қырықтағы әйел» деген атақ алып,

Айтады анадайдан келе жатса.

Елуге келген шақта қатын дейді,

Онан соң кемпір келе жатыр дейді.

Ер-әйел төрт кезеңмен аяқтайды,

Қара жер табандағы ақыр жейді.

Адамзат сақталмақшы төрт-ақ жайға,

Ол жайға тұрмасыңа бар ма айла?

Атаның – бел, ананың – құрсағында,

Жатпаса жер астында, бәрі қайда?

  1934