ТРАКТОРШЫ   ЕЛЕУСІЗ

 

Қырық күн шілде түскенде,

Түрлі жеміс піскенде,

Қарап тұрсаң тамаша,

Қайнаған еңбек түс кезде.

Егіс басын аралап,

Өлең айтып, ән салсам,

Ел тыңдайды қамалап,

Ән болмайды өлеңсіз,

Жар болмайды кемерсіз,

Трактор айдап жүр екен,

Раева Елеусіз.

Келе жатып кездестім,

Әдейі барып сөйлестім,

Домбырамды қолға алып,

Өлеңдетіп тілдестім.

Кеткен екен күйеуі,

Отан қорғау жолына.

Үш жыл болған ерінің

Тұрғанына орнына.

Өзіне берген нормасын,

Орындап артық қарқынмен,

Былай деді Елеусіз

Ақ маңдайы жарқылдап:

«Еркек көктен түскен жоқ,

Бәрі адамның баласы.

Әйел жерден шыққан жоқ,

Қыз бен ұлдың анасы.

Жауыз патша тұсында

Әйелдің бар ма ед бағасы.

Көк пен жердей еді ғой

Ер, әйелдің арасы.

Тең право әперген

Партияның панасы.

Бұл бақытты ұмытпас,

Кімнің болса санасы.

Ұлы Отанды қорғаймыз,

Еңбекші елдің кәрі-жасы.

Шақырамын жарысқа!

Ерден әйел қалыспа!

Орында артық норманы

Озып шыққың жарыста».

Деді-дағы Елеусіз

Тракторын айдады.

Комбайн орып астықты,

Қызулы еңбек қайнады.

1941