ТЫҢ ЖЕЛДІРМЕСІ

 

Ғасыр бойы қаңсыған,

Аққан суды аңсаған,

Тораңғы, тобыл, сексеуіл

Тамшы тілеп аспаннан,

Қарағай, қайың, тал, терек

Тамырлап тұқьш шашпаған.

Изен, жусан, ебелек

Бір қарыстан аспаған.

Қанаты күйіп қарлығаш,

Балапанын тастаған.

Жылқышы құс шырылдап,

Су таба алмай қақсаған.

Құлан, бөкен шұбырып,

Суат іздеп шаршаған.

Керуен көшіп, түн қатып,

Түйеден өзге баспаған.

Мыңдаған малын  бай-манап

Суартқан құлға астаудан.

Құдық қазған құл мен күң

Қорлықтан көзін ашпаған.

Шекпен тоқып, тон илеп,

Басына киіз жастаған,

Тамағы ет пен сүт болып,

Қазанға дән сап аспаған.

Кеше осындай ел болдық,

Артта қалған басқадан.

Советтік міне елімде

Ай мен күндей тең түсіп,

Партияның шұғыласы

Тынысты кең алдырды

Саясы салқын панасы.

Ақын, әнші, күйшіге

Ашылды сөздің сарасы.

Суға қанды шөлдеген

Отанның байтақ даласы.

Алатау мен Қаратау,

Сарыарқа, Алтай саласы.

Партия бастап жұмсады

Комсомолдың ағасы.

Тыңға шапты ту ұстап,

Отанның өрен баласы.

Миллиардтан миллиард,

Алтынға толды қоймасы,

Үш-төрт жылдың ішінде

Жайқалды тың даласы.

Кен байлығы есепсіз,

Жайнады жаңа қаласы.

Бет қаратпас бетпақ шөл

Гүлденді көркем ағашы.

Мырзашөл мен Мақтаарал

Ақ алтынын қарашы.

Қазақстан халқының.

Орденге толды жағасы.

Өнерпаз ұл мен қыздарым

Аспанда күнмен сырласты.

Партияға көп алғыс,

Халқымның қорған панасы!

1959